«Түркиядағы жағдай билікке талас»: шығыстанушы Ердоғанның әрекетін талдап берді

Ілияс Бақыт

Шығыстанушы Нұрат Ілиясов Түркиядағы жағдайды билікке талас деп бағалап, Ердоғанның не үшін бұндай әрекетке барғанын талдап берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ulysmedia коллажы

Шығыстанушы Нұрат Ілиясовтың сөзінше Түркияда демократияның сарқыншағы ғана қалған. Себебі қазіргі президент Ердоған билікті өзіне ыңғайлап алған дейді. 

“Түркиядағы жағдай қарапайым тілмен айтсақ билікке талас. Бұл екінші жағынан демократияның соңғы тұяқ серпісі деп те айтсақ болады. Бұны Қазақстан жағдайымен салыстыруға болмайды. Ол жерде 70-80-90 жылдары қалыптасқан демократияның іргетасы бар. Соның инерциясымен келе жатыр. Ал шындығында Ердоған 2000 жылдардан бастап мемлекетті басқарып келе жатыр. Конституцияны өзіне бағындырды. Сот жүйесін өзіне бағындырды. Бірақ әлі де оларда парламент мықты. Бес фракция бар” – дейді шығыстанушы Нұрат Ілиясов. 

Ал Ыстамбұл мэрі Экрем Имамоглуның ұсталуы Ердоғанның сайлауға алдын-ала дайындығының бір көрінісі деп бағалауға болады дейді сарапшы. 

“Өздеріңіз білесіздер 2028 жылы Түркияда сайлау. Мүмкін оны 2027 жылы өткізіп жіберер. Соның алдында бәйгеден Имамоглуны шығарып тастау әрекеті. Ердоғанның өзі қатыспағанның өзінде “Әділет даму” партиясының діни топтың немесе консерватизмді жақтайтын топтың мақсаттары бар. Ердоған бұған дайындалды. Журналистерді ұстады. Әкімшіліктегі адамдарды ұстады. Ердоған Орта Азия мемлекеттерінен үлгі алып билікті қолда ұстауды үйренді деп ойлаймын.” – дейді шығыстанушы Нұрат Ілиясов. 

Сарапшының пікрінше Ердоғанның сыртқа саясатта ұстанатын үш бағыты бар. Бірақ олардың ешқайсы жүзеге аспаған деп ойлайды. 

“Түркияның саясатына үш бағыт болды ғой. Еуропалық одаққа кіремін деп талпынды. Еуропа бас тартты. Бұл бірінші саясаты. Екінші сыртқы саясаты таяу шығыс. Үшінші саясатына ол түркі бірлігі. Бірақ бұл варианттар жүзеге аспайды.” – дейді шығыстанушы Нұрат Ілиясов. 

БҰҒАН ДЕЙІН

Ыстамбұл мен Түркияның басқа да қалаларында оппозициядағы қала әкімі Экрем Имамоглудың ұсталуына қарсы жаппай наразылық шерулері өткен. Ол алдағы президенттік сайлауда Түркия көшбасшысы Режеп Тайып Ердоғанның басты қарсыласы ретінде сайлауға түспек болған еді. 

 

Наразылықтар Ыстамбұл провинциясының губернаторы алдағы төрт күн бойы кез келген көшедегі шеру мен жаппай жиналыстарға тыйым салу туралы жарлық шығарғанына және қала бойынша полиция күштерінің едәуір күшейтілгеніне қарамастан өршіді.

Құқық қорғау органдары қалалық әкімдік ғимаратын қоршауға алып, бірнеше көшені, сондай-ақ Таксим орталық алаңын жауып тастады. Наразылық білдірушілер әкімдік ғимаратының алдына, Имамоглу қамауда отырған полиция бөлімшесіне, Ыстамбұл университетіне және өзге де орындарға жиналды.