Сауда соғысы қыза түсті: Трамп Қытайдың салығына жауап берді

Ілияс Бақыт

АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың Америка Құрама Штаттарына қарсы жауап ретінде енгізген баж салығы қате шешім екенін мәлімдеді, деп хабарлайды  Ulysmedia.kz.

фото: vietnam.vn

Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісінде жазды.

"Қытайлар дұрыс ойнамады, олар дүрбелеңге түсті – бұл олар істемеуі тиіс жалғыз нәрсе", – деп жазды АҚШ президенті.

ҚЫТАЙ 34% КЕДЕНДІК БАЖ САЛЫҒЫН ЕНГІЗДІ

Бұған дейін Қытай билігі АҚШ-тан әкелінетін тауарларға 34% көлемінде баж салығын енгізетінін жариялады. Бұл шешім АҚШ үкіметінің дәл осындай қадам жасауынан кейін қабылданды. ҚХР Қаржы министрлігінің мәліметінше, жаңа баж салығы 10 сәуірден бастап күшіне енеді.

2 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан әкелінетін тауарларға қосымша 34% баж салығын енгізетінін мәлімдеген болатын. Сарапшылардың пікірінше, бұл әрекет Вашингтон мен Пекин арасындағы сауда соғысын одан әрі өршіте түсуі мүмкін.

АҚШ Трамптың жаңа сауда саясаты шеңберінде Қазақстаннан әкелінетін тауарларға 27% мөлшерінде баж салығын енгізген. 

Жаңартылған тізімге АҚШ-тың жаңа сауда шектеулерін ескеруі тиіс ондаған мемлекет енген. Ең жоғары тарифтер Камбоджаға (49%), Мадагаскарға (47%), Вьетнамға (46%), Шри-Ланкаға (44%) және Мьянмаға (44%) белгіленген. Қазақстан үшін бұл көрсеткіш – 27%.

Сонымен қатар, жаңа тарифтер АҚШ-тың ірі сауда серіктестеріне де әсер етті. Атап айтқанда, Қытайға (34%), Үндістанға (26%), Оңтүстік Кореяға (25%), Таиландқа (36%), Еуропалық одаққа (20%) және Швейцарияға (31%) жаңа баж салығы енгізілді.

Қаржы саласының маманы Расул Рысмамбетов АҚШ президенті Дональд Трамптың жаңа сауда саясатын түсіндіріп, пікір білдірген.