Қазақстан сұйытылған газ экспортына салынған тыйымды ұзартады

Сырым Қаржас

Қазақстанның энергетика министрлігі сұйытылған мұнай газын ел аумағынан сыртқа шығаруға қойылған шектеуді ұзартуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ngv.ru

Тиісті бұйрық жобасы «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылауға шығарылған. Талқылау 21 сәуірге дейін жалғасады. Құжатқа сәйкес, пропан мен бутанды автомобиль және теміржол көлігімен экспорттауға алты ай мерзімге тыйым салу ұсынылып отыр.

Егер жоба бекітілсе, жаңа шектеу 2025 жылғы 14 мамырдан бастап күшіне еніп, қараша айына дейін қолданыста болады.

Қазақстан Республикасы ішкі нарығын сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз ету мақсатында ел аумағынан экспорттауға 2025 жылғы 14 мамырдан бастап алты ай мерзімге тыйым енгізіледі, — делінген бұйрық жобасында.

Бұл – бұған дейін де қолға алынған шара. Бұған ұқсас тыйым 2024 жылдың 2 мамыры мен 14 қарашасы аралығында да күшінде болған. Бұдан бөлек, қазіргі таңда бензин, дизель отыны және жекелеген мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен сыртқа шығаруға қойылған алты айлық шектеу де өз күшінде тұр.