«Қазақша түсінбейді»: астаналықтар Starbucks желісін сынға алды

Сырым Қаржас

Әлеуметтік желі қолданушылары халықаралық Starbucks кофеханалар желісін қатаң сынға алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

TASS

Астана тұрғыны Threads әлеуметтік желісінде жеке тәжірибесімен бөлісіп, мекеме қызметкерлерінің қазақ тілінде сөйлемейтініне наразылық білдірді. Жазба көп ұзамай кең тарап, қызу талқыланды.

Кеше Talan Towers-тегі Starbucks-қа бардым. Кассада қазақ жігіті тұрды. Мен кофе тапсырысын қазақша бердім, бірақ ол түсінбеді. Мұндай ірі компания қызметкерлерінің қазақ тілін білмейтініне таңғалдым. Неге басшылық олардан мемлекеттік тілді меңгеруді талап етпейді? — делінген жазбада.

Көптеген қазақстандықтар жазба авторын қолдап, ресми түрде шағым түсіруге кеңес берді. Олар заң бойынша клиенттер мемлекеттік тілде қызмет алу құқығына ие екенін еске салды.

Еске салайық, 2024 жылдың желтоқсанында мәзірде қазақ тілінің болмауына байланысты туған даудан кейін Астанадағы Starbucks кофеханасының рейтингі күрт төмендеген еді.