Еуропада Дональд Трамп пен Илон Маскқа қарсы жаппай наразылық өтті

Сырым Қаржас

АҚШ президенті Дональд Трамп пен оның кеңесшісі Илон Маскқа қарсы Еуропаның ірі қалаларында жүздеген адам наразылық акциясына шықты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Reuters

Наразылыққа жаһандық қаржы нарықтарында күрт құлдырауға әкелген жаңа тарифтік шаралар себеп болды.

Франкфурт қаласында «Қолдарыңды тарт!» атты митингті шетелдегі АҚШ демократиялық партиясының ресми өкілі — Democrats Abroad қозғалысы ұйымдастырды. Қолына “Демократияны қайтарыңдар”, “Деректерімізден қолыңды тарт” және “Әлем сенің өтірігіңнен шаршады, Дональд!” деген плакаттар ұстаған наразылық білдірушілер АҚШ президентінің отставкасын талап етті.

Берлинде акция қатысушылары Tesla салонының алдына жиналып, Илон Маскқа қарсы ұрандар айтты. «Үніңді өшір, Илон, сені ешкім сайлаған жоқ» деген жазбалар жиі кездесті. Ерекше назар аудартқан сәт — “DOGE-ке қарсы иттер” деген жазуы бар тақтайша таққан иттің пайда болуы. Бұл Трамптың екінші мерзімінде Масктың қатысуымен құрылған мемлекеттік тиімсіз шығындарға қарсы жаңа департаментке меңзеу еді.

Парижде Республика алаңына шамамен 200 адам, негізінен АҚШ азаматтары жиналды. Олар “Тиранияға қарсылық білдір”, “Феминистер — еркіндік үшін, фашизмге қарсы”, “Демократияны құтқарыңдар” деген жазулар көтерді. Наразылық шеруі кезінде қатысушылардың бірі Боб Диланның “Masters of War” әнін орындады.

Осындай митингілер Лондон мен Лиссабонда да өтті.

2 сәуір күні Дональд Трамп 185 ел мен аумақтан әкелінетін өнімдерге жаңа кедендік баж салығын енгізетінін жариялаған болатын. Ол барлық импорт тауарларына кемінде 10% мөлшерінде салық салынатынын және жекелеген мемлекеттерге жеке тарифтер белгіленетінін мәлімдеген. Бұл мәлімдеме АҚШ қор нарығының күрт құлдырауына түрткі болып, жаһандық деңгейде тізбекті реакция туғызды. Нәтижесінде мыңдаған америкалық көшеге шығып, Трампқа қарсы наразылық білдірді.