Күдікті – СОБР-дың бұрынғы қызметкері: БҚО-да фельдшерді өлімі ісі бойынша сот басталды

Сырым Қаржас
Фото: Pexels.com

7 сәуір күні Батыс Қазақстан облысында фельдшердің өліміне қатысты күдіктілердің соты басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот Тасқала ауданында өтіп жатыр. Айыпталушылар орындығында – 21 бен 24 жас аралығындағы үш ер адам. Олар 30 жастағы фельдшердің өліміне күдікті деп танылған. Марқұмның әкесінің айтуынша, ұлына бірнеше мәрте басынан соққы жасалған.

Айта кетейік, фельдшердің жерлеу күні оның қызы дүниеге келген, деп жазады “Мой город”.

Айыпталушылардың бірі – арнайы жедел әрекет ету жасағының (СОБР) бұрынғы қызметкері. БҚО полиция департаментінің мәліметінше, қылмыс жасалған сәтте ол қызметтен босатылған. Алайда айыптау актісінде бұл дерекке қарама-қайшы мәлімет келтірілген – сол күні ол жедел кезекшінің көмекшісі қызметін атқарғаны жазылған.

БАП ӨЗГЕРТІЛДІ

Алғашында бұл іс ҚР ҚК-нің 99-бабы (адам өлтіру) бойынша қаралса, кейін «абайсызда өлімге соқтырған қасақана ауыр дене жарақатын келтіру» бабына (ҚР ҚК 106-бап) өзгертілген. Сәйкесінше, бұрынғы құқық қорғау органы қызметкеріне адам өліміне әкеп соқтырған ауыр дене жарақатын салу және ұрып-соғу бойынша айып тағылуда. Екінші айыпталушыға – осы баппен қатар, ҚР ҚК-нің 293-бабы «бұзақылық» бойынша айып тағылған. Үшіншісі тек бұзақылық үшін жауапқа тартылып отыр.

Оқиға бірнеше ауыл тұрғыны, соның ішінде марқұм фельдшердің де бір үйде арақ ішуден басталған. Солардың бірі ақша қарызға алу үшін сыныптасына хабарласқысы келеді, алайда қателесіп, күдіктінің әпкесіне қоңырау шалады. Қыз бұл туралы дереу інісіне айтып береді. Күдікті серіктерін жинап, әпкесіне қоңырау шалғандарды іздей бастайды. Тергеу нұсқасы бойынша, сол түні кезек фельдшерге жетіп, ол соққыдан кейін жансақтау бөлімінде көз жұмған.

Марқұмның әйелі 20 миллион теңге көлемінде азаматтық талап арыз түсірсе, оның ата-анасы мен бауырлары – әрқайсысы 10 миллион теңгеден талап етіп отыр.