БҰҰ адам құқықтары жөніндегі комитеті қаңтар оқиғасы кезінде қаза тапқан қазақстандық Русланбек Жұбаназаровтың өліміне байланысты ресми тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Бұл туралы заңгер Амангелді Шорманбаев мәлімдеді. Оның айтуынша, комитетке жолданған шағым Жұбаназаровтың өмір сүру құқығы мен сот арқылы қорғануға құқығының бұзылуына байланысты берілген.
ЗАҢГЕР НЕ ДЕЙДІ
Заңгердің айтуынша, Қаңтар кезінде құқық қорғау органдары бейберекет оқ атып, қарусыз азаматты өлтірген. Бірақ бұл факт бойынша қозғалған қылмыстық іс кейін “қылмыс құрамы жоқ” деген негізбен жабылып, одан соң істі құпияландырған.
- Құқық қорғау органдары тарапынан қарусыз адамға оқ атылды. Қылмыстық іс біз араласқан соң жабылып, құпияға айналды, деп келтіреді Шорманбаевтың сөзін Азаттық радиосы.
РУСЛАНБЕК ЖҰБАНАЗАРОВ
Русланбек Жұбаназаров – 30 жаста еді. Ол 2022 жылы 7 қаңтарда оққа ұшқан. Оның денесі туыстарына 2022 жылдың 8 ақпанында берілген.
Бұл оқиға бойынша қозғалған қылмыстық іс бірнеше мәрте жабылып, ешкім жауапқа тартылмаған.