Трамп тауарларға баж салығын салды: Қазақстан келіссөз жүргізе ме

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров АҚШ-тың Қазақстан тауарларына 27% баж салығын енгізуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚУАНТЫРОВ НЕ ДЕЙДІ

- Қазіргі уақытта бұл мәселені зерттеп жатырмыз. Себебі баж салығы көп. Қателеспесем 20 пайыздан асып кетті. Сондықтан бұл мәселе үкіметте талқыланып жатыр, дейді Қуантыров. 

ТОЛЫҒЫРАҚ

Еске салайық, 3 сәуірде АҚШ Трамптың жаңа сауда саясаты шеңберінде Қазақстаннан әкелінетін тауарларға 27% мөлшерінде баж салығын енгізетіні белгілі болды.  АҚШ президенті Дональд Трамп «әділ бәсекелестікті қалпына келтіру» және америкалық өндірушілерді қорғау мақсатында жаһандық өзара сауда баждарын енгізетінін мәлімдеді.

Бұл бастама аясында Қазақстан АҚШ-тың жаңа тарифтік саясатына іліккен елдердің қатарына енді. Енді Қазақстаннан әкелінетін импорттық тауарларға 27% мөлшерінде баж салығы салынады.

Кей жағдайда сауда тұрғысынан алғанда дос жаудан да қауіпті, – деп мәлімдеді Ақ үй басшысы АҚШ-тың шетелдік серіктестермен экономикалық қарым-қатынасына қатысты жаңа ұстанымын түсіндіре отырып.

Бұл бастаманың мәні – өзара тарифтерді енгізу. Трамптың логикасы бойынша, егер бір ел америкалық тауарларға баж салығын енгізсе немесе өз өндірушілеріне артықшылықтар берсе, АҚШ та дәл сондай шаралармен жауап қайтарады – сол елден келетін экспортқа сәйкесінше баж салығы салынады.

Жаңартылған тізімге АҚШ-тың жаңа сауда шектеулерін ескеруі тиіс ондаған мемлекет енген. Ең жоғары тарифтер Камбоджаға (49%), Мадагаскарға (47%), Вьетнамға (46%), Шри-Ланкаға (44%) және Мьянмаға (44%) белгіленген. Қазақстан үшін бұл көрсеткіш – 27%.