Депутат Еркін Әбіл вице-премьер Серік Жұманғариннің "қосымша құн салығын 16 пайыз және жеке кәсіпті тіркеу шегін 40 млн теңгеге төмендетуден 400 млрд теңгеден қағылдық" деген сөзімен келіспейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕПУТАТ НЕ ДЕЙДІ
Сіз баяндамада үкімет 40 млн теңгелік шекке келіседі деп, ол сөзіңізді жазғыра сөйлеп айттыңыз. Сонымен қатар, “400 млрд теңге мен 150 мың салық төлеушіден айырыламыз” дейсіз. Бұл сандармен келіспейміз. Үкіметтің өзі шекті төмендетудің салдары барын, бизнесті бөлшектеуге қарсы екенін айтқан еді. Арнайы салық режимімен адал түрде салығын төлеп жүрген ондаған мың салық төлеуші де бар еді. Сол себепті бұл сандармен келіспеймін, – деді Еркін Әбіл.
Депутаттың айтуынша, бұл өзгерістерден кейін үкімет ары кеткенде 90 млрд теңгеден қағылғалы тұр.
Сонда қалған 150 мың салық төлеушіден қанша салық түсімі түседі? – деп сұрады ол.
ЖҰМАНҒАРИН НЕ ДЕЙДІ
Депутаттың скептикалық сұрағына жауап берген Серік Жұманғарин егер салық төлеушілер саны 300 мың болса, түсім 3,2 трлн теңге күтілгенін айтады. Ал егер салық төлеушілер саны 144 мың болса, қосымша құн салығынан 2,8 трлн теңге салық түседі.
Салық әкімшілендіруінен қосымша 1 трлн теңге табамыз. Былтыр бюджетке соншалықты түскен. Көлеңкелі экономиканы биыл 1 қаңтардағы 17 трлн теңгеден 2026 жылдың 1 қаңтарында 15 трлн-ға дейін азайту міндеті алдымызда тұрғандықтан, әкімшілендіруден тағы трлн түседі деп ойлаймыз. Осылайша, 2,8 трлн теңге қосымша құн салығынан түссе, тағы трлн әкімшілендіруден түседі, – деді ол.
Салық кодексі жобасының талқысы жалғасып жатыр.