Салық төлеп, тыныш ұйықтап жүрмін – Жұманғарин

Аян Өрібай
Ulysmedia.kz коллажы

Вице-премьер әрі ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бизнесте де, жеке өмірінде де салық төлеп жүргенін айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

2023 жылы Серік Жұманғарин өз отбасының бизнес-құрылымдарына тиесілі болған Ақтөбедегі 10 пәтер жайлы айтқан еді. Оның алдында “Жұманғарин бұл пәтерді пара ретінде алған-мыс”  деген ақпарат тараған. Жұманғарин мұны жоққа шығарып, ол бизнес бойынша ешқандай қылмыс жоғын мәлімдеген.

Бүгін Ulysmedia.kz тілшісі Серік Жұманғариннен “сол пәтерлерді сатқанда салық төледіңіздер ме? Өзіңіз қаншалықты әділ әрі ашық салық төлеушімін деп есептейсіз?” деп сұрақ қойды.

Әрқашан да бизнесте де, жеке өмірімде бірінші салық төлеймін, содан кейін тыныш ұйықтаймын. Әкеміздің “тыныштық керек” дейтін сөзі бар. Салық төлеген адам тыныш ұйықтайды, – дейді ол.

“Яғни, салық төлеп тыныш ұйықтап жүрсіз ғой?” деген сұраққа “мен иә, сіз ше?” деп журналиске қарымта сұрақ қойды. Журналист “мен де тыныш ұйықтап жүрмін, тексерсеңіз болады” деп жауап берді. 

10 ПӘТЕРДІҢ ТАРИХЫ

2023 жылы «Бәсе» арнасы өз аккаунтында вице-премьер Серік Жұманғарин «2016 жылы комитет басшысы бола тұра параны мүлік күйінде алды» деген ақпарат таратқан еді. Өз сөзінің дәлелі ретінде журналист Наталья Садықова вице-премьердің зайыбы Сәния Садықова Арслан Сапашев атты азаматтың атына Ақтөбедегі Жұбанова көшесіндегі үйлерге сенімхат жазып берген құжатты көрсеткен. Бәсе ол пәтердің тым арзан бағаға алынғанын жазған.

Ulysmedia.kz тілшісі сол тұста Серік Жұманғариннен мәселенің мәнісін сұраған кезде “Бәсе” арнасының мәліметін жала деп мәлімдеген еді. Ол бұл үйлерді өз отбасына тиесілі бизнес-құрылымдар салғанын, үй салынған орында бұрын ескі орман шаруашылығы нысаны болғанын айтқан еді. 

«Оны біз сатып алып, 2007 жылы ол жерде тұрғын үй сала бастадық. Естеріңізде болса, 2007 жыл – аса сәтті жыл болған жоқ. Ипотекалық дағдарыс кезеңі еді. Ол жерге үлкен қаржы кетті. Құрылысты тоқтатуға тура келді. Компанияда қиын жағдай туындап, жүктеме көбейді. Оған қоса 2011 жылы мен мемлекеттік қызметтен кетуіме тура келді. Мен бәрін ретке келтіру үшін мемлекеттік қызметтен белгілі бір уақытқа кеттім. Компания қайта құрылымдап, қарыздарын жабу керек еді. 2012 жылы мен инвестициялық компанияны құрып, инвестиция тартып, бұл үйдің құрылысын аяқтадық», - дейді ол.

Серік Жұманғариннің айтуынша, сол тұста үй алғысы келетін адамдардың талап-тілегі өзгеріп кеткен. Ал салынған үйлердің аумағы үлкен болған.

«Ол кезде үлкен үйлер ешкімге керек емес еді. 2007-2012 жылдары ұзақ салынған үй болса, екіншіден сол үйлер сатылмай қойды. Компанияға жүктеме көбейгеннен кейін, заңды тұлғаларға салық көп болғасын, 2016 жылы салық жағынан жеңіл болуы үшін өз атымызға аударуға тура келді. Бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ», - деді ол.

«Яғни 10 пәтер өзіңіздікі ме?» деген сұраққа Серік Жұманғарин «иә, өзіміздікі, 6-7 жыл болды, олар қазір жоқ» деп жауап берді.

«Ақтөбе қызық қала. Бүгінгі таңда ол жақта ең арзан. Тараз екеуінде. Басқа айтарым жоқ», - деді ол.

«Декларация өткіздіңіз бе?» деген сұраққа Жұманғарин «менің және менің отбасыма, бизнесіме, әр қадамыма байланысты мәселелер декларацияланған» деді.