Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мұнай бағасы мен доллар бағамына қатысты Қазақстан үкіметінің болжамы мен әрекет жоспары жайлы пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үкіметтің үш түрлі сценарийі бар
Министрге “мемлекеттің дағдарысқа қарсы жоспары бар ма” деген сұрақ қойылды. Жауап ретінде Жұманғарин үкіметтің үш түрлі даму сценарийі бар екенін атап өтті.
– Қазіргі сценарий бойынша біздің болжамымызда мұнай бағасы 75 доллар, ал доллар бағамы – 470 теңге деп есептелген. Сіз айтып отырған дағдарыстық сценарий бойынша мұнай баррелінің бағасы – 60 доллар. Қазір біз 55 және 50 доллар деңгейіндегі сценарийлерді де әзірлеп қойдық. Қай шығындар қысқаратыны, қандай баптар оңтайландырылатыны жайлы нақты түсінік бар, – деді Жұманғарин.
Мұнай бағасы 60 доллардан төмендеді
Айта кетейік, Астана уақытымен 15:20-дағы жағдай бойынша, Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнай бағасы 59,89 долларға дейін төмендегені тіркелді.