65 млн теңге жымқырған: Қазақ газ өңдеу зауытының экс-директорына үкім шықты

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

«Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС бұрынғы директоры сотталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz порталы Антикорға сілтеме жасап.

АНТИКОР МӘЛІМЕТІ

Ресми органның мәліметінше, Маңғыстау облысы Жаңаөзен ауданының соты «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС бұрынғы директоры Б.А. Байшуақовқа үкім шығарған. Байшуақов кәсіпорынның сеніп тапсырылған мүлкін аукцион өткізбестен заңсыз сатып, түскен қаражатты жымқырды деген айып бойынша кінәлі деп танылған.

Ол 4 жылға бас бостандығынан, өмір бойы мемлекеттік қызметте және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде қызмет атқару құқығынан айырылды. Сот актісі заңды күшіне енген жоқ, – деп ақпарат таратты ресми орган.

ҚАШАН ҰСТАЛДЫ

Былтыр Антикор «Қазақ газ өңдеу зауыты» ЖШС директоры тергеліп жатқанын хабарлаған еді. Сол тұста оның аукцион өткізбей, заңсыз жолмен кәсіпорынның мүлкін сатып, аса ірі мөлшерде жымқырды деп күдікке ілінгені туралы ақпарат тараған. Залал сомасы 65 млн теңгеден асатыны жазылған. Соттың санкциясымен күдікті былтыр тамызда қамауға алынған еді.