Қазақстанда банк ашу үшін қаржылық талап 10 млрд теңгеге дейін азаяды

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Қазақстанның Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымованың төрағасы елде жазылып жатқан банктер туралы заң жобасы ненін көздейтінін айтып берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАЗАЛЫҚ ЛИЦЕНЗИЯДАН БАСҚА ТАЛАП

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк секторына кірудің жаңа моделін ұсынып отыр. Енді нарыққа жаңа қатысушылардың кіруі жеңілдейді. Бұл ретте базалық банктік лицензия енгізіледі – активтер мөлшері мен операциялар түрі шектелетін, бірақ талаптары жеңілдетілген формат. Базалық лицензия арқылы өңірлік деңгейде белсенді жұмыс істейтін шағын қаржы ұйымдарына банк ретінде жұмыс істеу мүмкіндігі ашылады. Әсіресе, микроқаржы ұйымдары (МҚҰ) үшін бұл банкке айналуға мүмкіндік болмақ. Ең төменгі капитал 10 млрд теңгеге дейін қысқарып, реттеушілік жүктеме де жеңілдетіледі. Осылайша, бәсекелестік күшейіп, қаржы нарығы жаңаша түрленуі мүмкін.

Жаңа заң жобасы аясында халыққа қаржылық қызмет көрсететін ұйымдарға қойылатын талаптар да күшеймек. Енді банктер мен өзге қаржы институттары комплаенс талаптарын, ақпараттық қауіпсіздік стандарттарын және тұтынушы құқықтарын қатаң сақтауға міндетті болады.

Бұл өзгерістер қаржылық операциялардың ашықтығын арттырып, клиенттер алдындағы жауапкершілікті күшейтеді. Сонымен қатар, ислам банкингін дамытуға да жол ашылмақ. Әмбебап банктерге қосымша лицензия алып, шариғат қағидаларына сай банк өнімдерін ұсынуға рұқсат беріледі. 

ҚАЗІРГІ ТАЛАП

Қазіргі заңнамаға сәйкес, Қазақстанда банк ашу үшін минималды жарғылық капитал мөлшері – 20 миллиард теңге. Бұл талап әмбебап банктерге қатысты, яғни барлық стандартты банк операцияларын (несие беру, депозит қабылдау, аударым жасау және т.б.) жүргізетін қаржы ұйымдарына арналған.