18 қазанға қараған түні Санкт-Петербург пен Ленинград облысына дрондар жаппай шабуыл жасады. Мұнай терминалында өрт шығып, тұрғын үйлерге зақым келгені және VK компаниясының деректер орталығы шабуылға ұшырағаны хабарланды. Қаланың бірнеше ауданында электр жарығы мен интернет байланысы үзілген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Қала губернаторы Александр Бегловтің айтуынша, құтқарушылар Санкт-Петербургтің бірден төрт ауданында – Невский, Красносельский, Красногвардейский және Московский аудандарындағы азаматтық инфрақұрылым нысандарында шыққан өртті сөндіріп жатыр. Бұл туралы DW басылымы жазды.
Сондай-ақ, Санкт-Петербург мұнай терминалының аумағында да өрт шыққан.
Дрондардың шабуыл жасау қаупіне байланысты Пулково әуежайының жұмысына уақытша шектеу қойылды.
Губернатордың мәліметінше, қаза тапқандар жоқ. Алайда мобильді интернет байланысында ақау болуы мүмкін.
Ленинград облысының губернаторы Александр Дрозденко өңір аумағында 126 ұшқышсыз ұшу аппараты атып түсірілгенін мәлімдеді.
Оның айтуынша, дрондардың сынықтары Всеволожск қаласындағы көппәтерлі тұрғын үйге, Кировск маңындағы жеке үйге және Низино ауылындағы төрт автокөлікке түскен.
Сонымен қатар, кейбір елді мекендерде электр желілерінің зақымдануына байланысты жарық уақытша сөнген.
VK компаниясы Ленинград облысындағы деректер орталығына дрондар шабуыл жасағанын растады. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, «ВКонтакте» әлеуметтік желісі мен Max мессенджерін қоса алғанда, барлық сервис қалыпты жұмыс істеп тұр. Алайда интернет сервистерінің жұмысындағы ақауларды бақылайтын сайттарда «ВКонтакте» қызметіне қатысты шағымдар көбейген. Санкт-Петербург тұрғындары да электр жарығының өшкенін хабарлаған.
«Фонтанка» басылымының мәліметінше, Калинин және Красногвардейский аудандарында, сондай-ақ, Ручьи ықшамауданында жарық мәселесі туындаған.
Astra, Dnipro Osint және Varlamov News Telegram арналары Корабельный фарватер бұғазының үстіндегі аспалы көпірге дрон соққы жасауы мүмкін екенін хабарлады.
Бұл көпір Санкт-Петербургтегі ақылы автомагистраль – Батыс жылдамдық диаметрінің құрамына кіреді.
Әзірге билік бұл ақпаратты ресми түрде растаған жоқ. Дегенмен «Фонтанка» басылымының мәліметінше, көпір орналасқан жол учаскесінде көлік қозғалысы тоқтатылған.
Сондай-ақ, Ozon маркетплейсінің қоймасында өрт шыққаны туралы хабар тарады. Алайда бұл ақпараттың да ресми расталғаны жөнінде мәлімет жоқ.
Еске салайық, жуырда «Яндекс» компаниясының инфрақұрылымы зақымданғаннан кейін қазақстандықтар күнделікті қолданатын сервистердің, соның ішінде такси шақыру қызметінің жұмысында ақауларға тап болған еді.
Ал 14 қазанға қараған түні Ресейдегі Сбербанктің деректерді өңдеу орталығы да дрондар шабуылына ұшырады.
Бұған дейін Ulysmedia.kz ресейлік «Яндекс» компаниясының Қазақстандағы такси нарығында қалай ірі ойыншыға айналғанын және оның жұмысындағы ақаулар жергілікті жүргізушілерге неліктен шығын әкелгенін талдаған болатын.
Таксопарктер мен курьерлік қызметтер қауымдастығының бағалауынша, сервистегі іркілістер салдарынан жүргізушілер бірнеше миллиард теңге табыстан қағылуы мүмкін.