«Астана банкінің» құрылтайшысы Олжас Тоқтаровты сырттай соттағалы жатыр

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

«Астана банкі» АҚ-ның негізін қалаушы Олжас Тоқтаровты сырттай соттайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Прокурор Айжан Аймағанованың айтуынша, банктің ірі көлемде активтерін жымқыру ісі бойынша сот процесі аяқталуға жақын. Сот жарыссөздері өтіп кеткен, ал мемлекеттік айыптаушы нақты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындауды сұрап отыр.

Айыпталушының өзі Қазақстан аумағынан шығып кеткен. Интерпол базасына сәйкес, оған іздеу жарияланған. Осыған байланысты Астана қаласы прокурорының орынбасары Азамат Ермахановтың мәлімдеуінше, Тоқтаровты экстрадициялау процесі басталды.

Еске салайық, 2024 жылы 25 қыркүйекте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі бұрынғы мажоритар акционерді жария түрде жауап алуға шақырған болатын. Сол кезде істің аса ірі көлемде ұрлық жасау фактілері бойынша тергеліп жатқаны белгілі болды. Бұл қылмыстар бір топ тұлғамен алдын ала сөз байласу арқылы жасалған, олардың қатарында Тоқтаров та бар. Тергеу материалдарына сәйкес, банк активтері жалған агенттік қызмет көрсету арқылы және Алматыдағы қымбат жылжымайтын мүлікті — бизнес-орталықты иеліктен шығару жолымен әдейі шығарылған. Нақты айтқанда, ғимарат айыпталушымен аффилирленген «SKK Tennasy Group» ЖШС-нің пайдасына берілген. Қылмыстық іс аясында аталған мекенжай — Қабдолов көшесі 22В тіркелген. Бұл жерде бұрын банкке тиесілі болған S.K.K. бизнес-орталығы орналасқан.

«Астана банкі» АҚ 2008 жылы «Астана-Финанс» брендімен жұмысын бастаған. 2014 жылы қазіргі атауына өзгертілген. 2018 жылға қарай Forbes деректері бойынша еліміздегі ең ірі банктердің тізімінде 16-орынды иеленген. Ол кезде банк активтері 300,79 миллиард теңгені құраған. 2017 жылдың соңына қарай Олжас Тоқтаров қаржы ұйымының 52 пайыздан астам акциясына иелік етіп, оның жұмысын іс жүзінде өзі бақылап отырған.