Ғылым – тек қаржылық емес, сонымен қатар адами, уақыт жағынан және институционалдық тұрғыдан да ауқымды инвестицияны қажет етеді. Бұл туралы Ulysmedia.kz сайтына берген сұхбатында Назарбаев Университетінің вице-провосты әрі Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, ғылымға салынатын инвестиция тек қаржымен шектелмейді – ол адами капиталды, уақыт пен институционалдық әлеуетті де қажет етеді. Ал алдыңғы қатарлы мемлекеттер бұл салаға ішкі жалпы өнімнің 3-тен 5 пайызға дейінгі көлемін бағыттап отыр.
Ғылыми зерттеулер – қымбат әрі ұзақмерзімді үдеріс. АҚШ, Қытай, Ұлыбритания, Сингапур, Оңтүстік Корея, Үндістан мен Израиль секілді елдер ғылымға ІЖӨ-нің 3%-дан астамын бөледі. Мәселен, Израильде бұл көрсеткіш – 4,9%, Оңтүстік Кореяда – 4,8%. Сондықтан да дәл осы мемлекеттер әлемдік ғылыми күн тәртібін қалыптастырып отыр, – деді Сағынтаева.
Мұндай қолдау ғылымның өзіне ғана емес, жоғары білім мен университеттік зерттеулердің дамуына, дарынды ғалымдарды тартуға және ғылымды тікелей экономикамен ұштастыруға жол ашады.
Осы тұрғыдан алғанда, Қазақстанның ғылымға бөлетін қаражаты тым мардымсыз. Ресми деректерге сүйенсек, мемлекет ғылымға ІЖӨ-нің небәрі 0,13%-ын ғана жұмсайды – бұл көрсеткіш дамыған елдермен салыстырғанда ондаған есе аз.
Сағынтаеваның айтуынша, үкімет 2027 жылға дейін бұл үлесті 1%-ға жеткізуді мақсат етіп отыр. Алайда бұл – амбициялы қадам болғанымен, жаһандық стандарттардан әлі де айтарлықтай алшақ.
Сонымен қатар, Сағынтаева ғылыми ресурстарды тек көлемі емес, тиімділігі тұрғысынан да басқару маңызды екенін атап өтті.
Миллиардтаған қаржы құйылса да, егер ғылым мен ғылыми жобалар ашық, кәсіби әрі этикалық тұрғыдан басқарылмаса, нәтиже шықпайды. Инвестиция көлемі ғана емес, оның тиімділігі де аса маңызды, – деді ол.
Сарапшы ғылыми бастамаларды бағалау тетіктерін жетілдіру, есептілікті күшейту және жобалық менеджмент мәдениетін дамыту қажет екенін айтты. Әйтпесе, ғылымға бөлінген ақша желге ұшуы мүмкін.