Астана мен Баку: Алиевтің Қазақстанға сапары – жай хаттама емес, стратегия

Ulysmedia
Коллаж: Ұлысмедиа

Қазақстандық саясаттанушы Ербол Еділов Әзербайжан президенті Ильхам Алиевтің Астанаға сапарына талдау жасап, Қазақстан түркі әлемінде туындайтын капитал мен идеялар үшін тартымды орталыққа айналып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Белсенді сыртқы саясат

Соңғы жылдары Ақорданың сыртқы саяси қызметі айтарлықтай жанданып, түрлі бағыттармен кеңейіп келеді. Сол себепті қарапайым қазақстандық мұндай жаңалықтарға үйреніп, кейде елеусіз қабылдайтын болды. Бұған ресми баспасөз хабарламаларының бірсарынды сипаты мен БАҚ-тың тақырыпқа терең үңілмеуі себеп болуы мүмкін. Бірақ мен үшін мұндай кездесулердің басты маңызы – айтылған сөздер мен қол қойылған құжаттардан гөрі олардың мәнін түсіну.

Алиевтің сапары

Ильхам Алиевтің Астанаға сапары да алғашқы көзқараста қалыпты дипломатиялық шара сияқты көрінуі мүмкін. Расында, бұл – жиі байланыс орнататын екі туыс елдің кезекті кездесуі. Алайда сырттай ресмилікке толы кездесудің астарында мүлде басқа деңгейдегі диалог жатқанын байқауға болады. Бұл жолғы келіссөздер сыпайылық үшін айтылған дипломатия емес, Каспий аймағында жаңа стратегиялық бағыттың қалыптасуының белгісі болды. Қазақстан мен Әзербайжан бірін-бірі енді жай серіктес емес, Еуразиядағы жаңа жүйенің тірек одақтасы ретінде көре бастады.

Бауырлас елдер

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біздің мемлекеттер – тек достас емес, бауырлас елдер. Бізде стратегиялық мәселелер бойынша ешқандай қайшылық болған емес және болмайды» деген сөзі де кездейсоқ емес. Бұл – жай дипломатиялық сыпайылық емес, болашақ қадамдарға бағыт беретін формула. Егер бұрын Каспий көбіне мүдделердің шекарасы ретінде қарастырылса, бүгінде ол елдерді жалғаушы көпірге айналуда.

Әзербайжан баспасөзі не жазды

Әзербайжан медиасы бұл жолғы сапарға ерекше көңіл бөлді. APA агенттігі оны «екі модернизациялық көшбасшының кездесуі» деп атады. Алиевтің «Біз Қазақстандағы реформаларды зор қызығушылықпен бақылап, елдің жаңғыру бағытын толық қолдаймыз» деген сөзі айрықша жылы естілді. Бұл - Әзербайжанның ресми риторикасында сирек айтылатын және Қазақстан басшылығына жоғары баға беретін маңызды акцент. Демек, Баку Тоқаевты Орталық Азиядағы прагматикалық дамудың жаңа моделін ұсынушы тұлға ретінде қабылдап отыр.

«Орта дәліз» – өзара тиімді бағыт

Келіссөздердің басты тақырыбы – Транскаспий халықаралық көлік дәлізі, яғни «Орта дәліз» болды. Бұл бағытта екі елдің мүдделері табиғи түрде тоғысады: Қазақстан үшін – көлік тәуелсіздігін арттыру мүмкіндігі, Әзербайжан үшін – Орталық Азия бағытын кеңейту амалы. Мұнда идеология жоқ, тек логика мен экономика бар: Шығыс пен Батысты жалғайтын ең қысқа жол, әрі ең бастысы – келісімге келе білетін мемлекеттер.

Каспий – ынтымақтастықтың көпірі

Тоқаевтың «Каспий – бөлу сызығы емес, ынтымақтастық көпірі болуы тиіс» деген сөзі жаңа өңірлік саясаттың мәнін айқын көрсетті. Бұл – сыртқы демеушілерге иек артпай, өзара мүддеге сүйенетін саясат. Ақтау, Құрық, Баку, Алят – енді бұл тек порттар емес, өзара тәуелділіктің жаңа жүйесін қалыптастыратын тораптар. Әзербайжан баспасөзі де идеологиялық ұрандарға емес, логистика, инвестиция және цифрлық сервистерге назар аударды. Соңғы екі жылда екі ел арасындағы тауар айналымы екі есеге артқан, бұл кез келген мәлімдемеден артық көрсеткіш. Алиевтің «Біздің экономикалық байланыстар саяси сенім деңгейіне сай болуы керек» деуі – терең интеграцияға нақты шақыру.

Қазақстан мен Әзербайжан жаһандық тұрақсыздық жағдайында қақтығысқа бармай, позицияларын нығайта алған сирек мысалдардың бірі. Екі елдің риторикасында Ресейге де, Батысқа да қарсы ұстаным байқалмайды. Бұл – прагматикалық автономия саясаты, яғни басты басымдық – егемен шешім мен рационалды пайда. Осы тұрғыда олардың жақындасуы жаңа форматтағы түркі интеграциясының үлгісіне айналуда, ұрансыз, бірақ мазмұнды, саяси қысымсыз, бірақ нақты нәтижелі.

Түркі кеңістігіндегі сенім өзегі

Қазір Қазақстан түркі кеңістігінде теңгерім орнатушы ел ретінде танылса, Әзербайжан - Қарабақтың қайтарылуынан кейін аймақтық беделін күшейткен мемлекет. Екі ел Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде сенім мен жүйелілікке негізделген күн тәртібін қалыптастырып отыр. Айта кетерлігі, дәл осы сапардың стратегиялық мәнін алғаш атап өткен де әзербайжандық БАҚ. Олар Астананы жай көрші емес, даму моделі мен дүниетанымы ұқсас одақтас ретінде көрсеткен.

Жаңа серіктестік осі

Тоқаев пен Алиевтің кездесуі дипломатиялық күнтізбедегі кезекті оқиға емес, түркі әлемінде жаңа, кемел серіктестіктің осінің қалыптасқанын дәлелдеді. Қазақстан мен Әзербайжан ешқандай ұрансыз, өзара құрмет пен сенімге негізделген саясат арқылы жаңа парақ аша бастады.

Мұның айқын мысалы – әзербайжандық кәсіпкер Эмин Агаларовтың Маңғыстау туризміне инвестиция салуға ниеті. Оның Бозжыра мен Каспий жағалауындағы экологиялық курорт салу жоспары екі ел арасындағы экономикалық сенімнің артып келе жатқанын көрсетеді. Бұл – Каспийдің бөліну шекарасынан ортақ мүмкіндіктер кеңістігіне айналып келе жатқанының дәлелі.

Екі елге де тиімді

Қазақстан үшін мұндай бастамалар – тек инвестиция емес, түркі әлемінен шығатын идеялар мен капитал үшін тартымды ортаға айналғанының дәлелі. Ал Әзербайжан үшін – өз бизнес-моделінің, яғни креатив пен инфрақұрылымды ұштастырған тәжірибесінің Қазақстанда табысты қолданылуының көрсеткіші.

Мұндай жобалар әлі талқылау сатысында болса да, олардың пайда болуының өзі көп нәрседен хабар береді: екі елдің байланысы саяси деңгейден нақты экономикалық және мәдени ынтымаққа ұласып келеді.

Ал Маңғыстау халқы мен күллі қазақстандықтардың Әзербайжан әуе компаниясы AZAL-дың апатына байланысты көрсеткен шынайы қолдауы бұл қарым-қатынастың бауырластық сипатта екенін дәлелдейді. Бұл – өз алдына бөлек, бірақ сол стратегиялық серіктестіктің ең адами көрінісі.