Олигархтар мен шенеуніктер: Қазақстандағы спорт кімдердің қолында?

Сырым Қаржас
Коллаж: Ұлысмедиа

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев спорт саласын басқарудағы проблемаларға тағы да назар аударды. Ақордада құтқарушылармен кездесуде мемлекет басшысы спорт федерацияларының жұмысын қатаң сынға алды. Оның айтуынша, федерациялардың басында көбіне бизнесмендер мен шенеуніктер отыр. Ulysmedia.kz тілшісі спорт саласына қанша қаржы бөлінетінін және негізгі федерацияларды кімдер басқаратынын анықтап көрді.

Қаржы

Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, 2027 жылға дейін саланы дамытуға шамамен 400 млрд теңге бөлінбек. Оның 330 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, ал 83 млрд теңгесі республикалық бюджеттен бағытталады. Бұл қаражат бұқаралық спортқа, балалар мен жасөспірімдер бағдарламаларына, инфрақұрылымға және ұлттық әрі олимпиадалық құрамаларды дайындауға жұмсалады. Федерациялар бойынша нақты бөлініс ашық көрсетілмегенімен, ең «қымбат» спорт түрі футбол болып қала береді — 2025 жылы оған шамамен 32 млрд теңге бөлінген.

Спорттағы бизнес өкілдері 

Райымбек Баталов — велоспорт және суасты спорты

Фото: Атамекен ҰКП

Елдің ықпалды кәсіпкерлерінің бірі (Forbes тізімінде 18-орында), 55 жастағы Райымбек Баталов екі бірдей федерацияны басқарады. Велоспорт федерациясы Мәжіліс тарапынан сынға ұшыраған. Былтыр депутат Мұрат Әбенов «Astana Qazaqstan Team» командасы негізінен мемлекеттік компаниялар есебінен қаржыланатынын, тек «Самұрық-Қазына» қорының өзінен 31 млрд теңге бөлінгенін айтты. Ал ел бойынша бұқаралық спортқа бар болғаны 35 млрд теңге жұмсалған. Соған қарамастан, қазақстандық велоспортшылар соңғы үш Олимпиадада бірде-бір медаль жеңіп алмаған.

Шахмұрат Мүтәліп — бокс


Фото: Атамекен ҰКП

«Integra Construction KZ» ЖШС-нің бенефициар иесі Шахмұрат Мүтәліп 2024 жылдың ақпанында Бокс федерациясының президенті болды. Париж Олимпиадасында қазақстандық боксшылар бірнеше онжылдықтан бері алғаш рет алтынсыз қалды. Федерация «дайындық жүйесін қайта іске қосатынын» мәлімдеді. 2025 жылы нәтиже жақсарды: қазақстандықтар әлем чемпионатында жеті алтын, бір күміс және екі қола медаль жеңіп алып, триумфтан кейін миллионер атанғандары туралы спорт басылымдары жазды.

Болат Өтемұратов — теннис

Фото: www.bulatutemuratov.kz

Болат Өтемұратов 2007 жылдан бері Теннис федерациясын басқарып келеді және өзіндік үлгі ретінде жиі аталады. Ол жеке қаражаты есебінен тенниске 150 млн доллардан астам қаржы салғанын ашық айтқан. Осылайша, Теннис федерациясы өз-өзін толық қаржыландыратын жалғыз ұйым саналады. Соңғы жылдары теннис елдегі ең табысты спорт түріне айналды. Ең үлкен жетістік - 2022 жылы Елена Рыбакинаның Уимблдондағы тарихи жеңісі. Алайда кей сарапшылар мұндай табыстар көбіне шетелден келген спортшылардың арқасы екенін атап өтеді.

Гаджи Гаджиев — ауыр атлетика
Фото: МТС

51 жастағы кәсіпкер, «SA construction group» компаниясының бас директоры Гаджи Гаджиев 2024 жылдың соңында Ауыр атлетика федерациясының тізгінін ұстады. Алдыңғы маусым бұл спорт түрі үшін ең сәтсіз кезеңдердің бірі болды: Қазақстан алғаш рет Олимпиада лицензиясын ала алмады. Кейін аты аңызға айналған спортшылармен жұмыс істеген бапкер Алексей Ни допинг дауларына байланысты өмір бойына дисквалификацияланды. 2025 жылы жасөспірімдер құрамасы Азия чемпионатында 12 алтын медаль жеңіп алды, ал ересектер арасындағы жарыста 6 алтын, 4 күміс және 6 қола медаль иеленді. Дегенмен Гаджиев федерацияға қанша қаражат құятынын және жеке инвестициясы бар-жоғын жарияламаған. Бұған қоса, жуырда ол туралы ақпараттық дау шықты — кей БАҚ оның ұсталғанын хабарлағанымен, бұл ақпарат кейін жоққа шығарылды.

Шенеуніктер мен депутаттар

Марат Омаров — футбол

Фото: kff.kz

Футбол Қазақстандағы ең көп қаржыландырылатын, бірақ ең көп сынға ұшырайтын спорт түрі. Биыл наурызда қаржы мониторингі агенттігі федерацияның бұрынғы президенті Әділет Барменқұловқа қатысты тергеу бастаған. Оның орнына келген Марат Омаровтан реформалар күтілгенімен, нәтиже болмады. Қыркүйекте Қазақстан құрамасы Бельгиядан 0:6 есебімен ойсырай жеңілді. Бұдан кейін Омаров «мен спорт нәтижесіне емес, инфрақұрылымға жауаптымын» деп мәлімдеп, қоғамда түсініспеушілік тудырды.

— Мұндай сөзді федерация президентінен бірінші рет естіп тұрмын. Футболмен президент айналыспаса, кім айналысады? Сен құрылысшысың ба, инфрақұрылым салуға келдің бе? — деп наразылығын білдірді жаттықтырушы Павел Черепанов.

Айта кетсек, Тоқаев та бірнеше рет футбол мәселесін жеке көтеріп, клубтарды жекешелендіруді жеделдетуді тапсырған.

Қуанышбек Есекеев — дзюдо


Президент көмекшісі Қуанышбек Есекеев 2022 жылы Дзюдо федерациясының басшысы болды. Оның басшылығымен қазақстандықтар тарихтағы ең жоғары нәтижеге қол жеткізді — 2024 жылғы Олимпиадада бір алтын және бір қола медаль иеленді.

Асқар Мамин — хоккей

Бұрынғы премьер-министр Асқар Мамин саясаттағы «ескі элитаның» кетуіне қарамастан, хоккей федерациясының президенті қызметінде қалды. Бұл спорт түрі де футбол сияқты жиі сыналады. Биыл ұлттық құраманың нәтижесі нашарлап, команда әлем чемпионатында В тобының 8-орнын алып, элиталық дивизионнан шығып қалды. Маусым айында «Барыс» хоккей клубының басшылығына қатысты қызмет өкілетін асыра пайдалану дерегі бойынша тергеу басталды. Сондай-ақ шетелдік легионерлердің қымбат келісімшарттары қоғамда қызу талқылануда: «Спорт-Экспресс» дерегінше, 2025/2026 маусымында «Барыс» легионерлеріне 1,5 млрд теңге төленеді. Федерация бұл қаржының қайдан алынатынын ашып айтқан жоқ.

Нұрлан Жақыпов — су спорты түрлері

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

«Самұрық-Қазына» қорының төрағасы Нұрлан Жақыпов 2025 жылдың наурызында су спорты түрлері федерациясын басқаруға келді. Алайда әлем чемпионатында қазақстандықтар бірде-бір медаль жеңе алмады. БАҚ мәліметінше, елде кәсіби жүзу инфрақұрылымы өте әлсіз, ал бапкерлер ескі әдістемелермен жұмыс істейді.

Ержан Біржанов — триатлон


Ержан Біржанов 2025 жылдың 22 сәуірінде триатлон федерациясының президенті болып тағайындалды. Жасөспірімдер құрамасы жақсы нәтиже көрсетіп, 2025 жылғы Asia Triathlon Cup жарысында үш алтын медаль жеңіп алды. Ал ересектер құрамасы Азия чемпионатында үздік алтылыққа да кіре алмады.

Тұрлыхановтар әулеті


Фото: prosport.kz

Мәжіліс депутаты, спорт шебері Дәулет Тұрлыханов грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясын басқарады. 2024 жылы қазақстандық балуандар халықаралық жарыстарда 120-дан астам медаль иеленген. Алайда 2025 жылы ол Азия күрес одағының (UWW Asia) президенті сайлауында небәрі 16 дауыс жинап, жеңіліс тапты. Айта кетерлігі, депутаттың бұрынғы жұбайы Гүлнара Турлыханова да спорт саласында қызмет етеді, ол 1997 жылдан бері гандбол федерациясын басқарып келеді.