«Министрдің үйіне барып құран оқиды»: дінтанушы имамдарды әшкереледі

Ілияс Бақыт
Видеодан скриншот

Белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышқанұлы сұхбат беріп елдегі діни ахуалға баға берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

“МИНИСТРДІҢ ҮЙІНЕ БАРЫП ҚҰРАН ОҚИДЫ”

Журналист Ербол Сейілхан сөз арасында теологтан имамдардың қымбат көлік мініп шалқып өмір сүруі қаншалықты қисынды екенін сұрайды. Мысал ретінде жақында мейрамхана ашқан Қабылбек Әліпбайұлы есімді имамды келтіреді. 

“Имам деген өзін дін жолына атаған адам деп қарасақ бұның ол нәрселерге ден қоюы орынды саналмайды. Қазақтың дін тарихында ағартушы, ишандарға халық көмектесетін. Олар оны тарататын. Имамның өзінде болса да ол оны таратады. Себебі ол құдай жолында келген нәрсе. Бірақ біздің имамдар қазір имам болғаннан кейін әртүрлі мықты адамдармен байланыс орнатады. Бірі министрдің үйіне барып құран оқиды. Бірі әкіммен дос болады. Болмаса бизнесмен қажылыққа алып барады. Оның пейілі түседі ол адамға. Мен үшін дұға қыл көмектесемін дейді. Немесе жер беремін көмектесемін деуі мүмкін. Имамның дүниеқоңыздығы оянады”- дейді Кеңшілік Тышқанұлы. 

“ЖҮРЕГІНДЕ ДҮНИЕ БОЛМАУЫ КЕРЕК”

Дінтанушының сөзінше мұндай әрекеттер елдегі діни ахуалға оразан зор нұқсан келтіреді. 

“Мен айтпаймын имамдар кедей болуы керек деп. Бірақ имамдар байлыққа қарай ұмтылатын болса бұл басқа да имам боламын дегендерге стимул шығар. Бірақ онда біздің діни руханиятымызға кішкене нұқсан келеді. Өйткені адамның жүрегінде дүние болмауы керек. Жүрегінде дүние болса құдай болмайды”- дейді теолог.

БҰҒАН ДЕЙІН

ҚМДБ Қазақстандағы имамдардың қанша жалақы алатынын айтқан. 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) алғаш рет имамдарға жалақы 2021 жылы төлене бастағанын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, дін қызметкерлері ең төменгі жалақы (85 мың теңге) алады.