Ақмола облысындағы бірнеше гидрологиялық бекетте су деңгейі қауіпті шектен асып, жағдай бақылауға алынған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ДЕРЖАВИНСКІДЕ СУ 9 СМ КӨТЕРІЛДІ
Есіл өзенінің Державинск қаласындағы гидробекетінде тұрақты түрде су деңгейі көтерілу үстінде. Кеше төрт сағат ішінде су 9 сантиметрге көтеріліп, 850 см қауіпті межеден асып, 853 см-ге жеткен. Су деңгейінің одан әрі өсуі күтіледі. Қазіргі уақытта елді мекендерді су басу фактілері тіркелмеген.
— Қауіпті межеден асқан жағдайда, елді мекендерді, шаруашылық құрылыстарын және жергілікті маңыздағы жолдарды, сонымен қатар өзеннің жайылма аумақтарындағы нысандарды су басу қаупі сақталады, – делінген ТЖМ хабарламасында.
КАМЕННЫЙ КАРЬЕРДЕГІ ЖАҒДАЙ
Дәл осындай жағдай Каменный Карьер ауылындағы гидропостта да байқалады. Мұнда су деңгейі екі сағат ішінде 4 сантиметрге көтеріліп, 808 см қауіпті межеден асып, 809 см-ге жеткен. Өзен бетінде мұз жоқ. Мамандардың айтуынша, негізгі себеп – Есілдің орта ағысы мен салаларынан келген еріген қар суы.
Бұл аймақта да өзен жағасындағы құрылыстар мен жолдарды су басу қаупі жоғары болып отыр.
АУЫЛ ЖАРЫҚСЫЗ ҚАЛДЫ
Бұған дейін Ақмола облысында өзен тасып, ауыл жарықсыз қалған болатын. Астрахан ауданында Қалқұтан өзені тасыған. Артынша электр беру желісінің екі бағанасы құлап, Ягодное ауылы электр қуатынсыз қалды.
СУ ТАСҚЫНЫ
Еске салайық, бұған дейін 12 сәуірде Ақмола облысында ондаған үйді су басқанын хабарлаған едік. Төтенше жағдайлар министрлігі облыстағы су тасқыны жағдайын хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, Ақмола облысының Астрахан ауданы Жаңатұрмыс, Колутон, Старый Колутон, Ягодное және Атбасар ауданы А.Құрманов ауылдарында 69 жеке тұрғын үйді, ал Бұланды ауданы Новобратское ауылында 29 аула аумағын су басқан.