Астанада LRT құрылысына байланысты кейбір жолдар қыркүйекке дейін жабылады

Сымбат Сатыбалдина
Ulysmedia.kz коллажы

Астанада LRT құрылысына байланысты кейбір жолдар қыркүйекке дейін жабылады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚАЙ УЧАСКЕЛЕР ЖАБЫЛАДЫ

– 20 сәуір сағат 21:00-ден 25 қыркүйекке дейін:

Сығанақ көшесінен Мәңгілік Ел даңғылына (Достық көшесіне қарай) шығатын оң жақ бұрылыс толық жабылады. Бұл шектеу Арыс көпірі жағынан келетін көліктерге әсер етеді. 113-станция маңында (Министрліктер үйінің жанында) жерасты жаяу жүргіншілер өткелін орнату жұмыстары жүргізіледі.

– 22 сәуір сағат 22:00-ден 20 қыркүйекке дейін:

Кабанбай батыр даңғылында, «Астана Жұлдызы» стеласынан бастап Хусейн бен Талал көшесіне дейінгі аралықта жол тарылып, үш жолақтың орнына бір жолақ қалады. Мұнда 106-станцияның қасбетін орнату жұмыстары басталады.

LRT ТУРАЛЫ

Астана әкімі ақпанда жеңіл рельсті көлік (LRT) қыркүйекте сынақ режимінде іске қосылатынын мәлімдеген. Ал City Transportation Systems компаниясының басқарма төрағасы құрылыстың толық аяқталуы мен толыққанды іске қосылуы 2025 жылдың соңына дейін жоспарланғанын айтқан. Жоба іске қосылар алдында 5 мың адам жұмылдырылады.

Жоспар бойынша LRT желісі 22,4 шақырым болады және 18 станциядан тұрады.