Каспий теңізі тартылып барады — бұл жағдай Қазақстан мұнайының теңіз арқылы негізгі экспорт бағыттарының біріне айналған Ақтау – Баку – Тбилиси – Жейхан маршрутына қауіп төндіріп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
САРАПШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ
Сарапшылардың айтуынша, Каспий теңізіндегі судың төмендеуі Қазақстан теңіз порттарының жұмысын қиындатып, Транскаспий дәлізі арқылы мұнай көлемін арттыруға кедергі келтіріп отыр.
Бұл туралы Ақтау портының коммерциялық бөлімінің басшысы Ануар Немышов AZƏRTAC агенттігіне берген сұхбатында айтты.
– Бұл құбылыс порттық пирстердің, кеме жүзу жолдарының, акваториялардың, гидротехникалық құрылымдардың пайдалану сипаттамаларына және теңізде жүзу қауіпсіздігіне кері әсер етіп жатыр, – деді ол.
ЭКОНОМИКАҒА САЛМАҚ ТҮСЕДІ
Ануар Немышовтың айтуынша, Ақтау портындағы су деңгейі 1,7 метрге төмендеген, әрі бұл үдеріс жалғасып жатыр. Соның салдарынан:
– Кемелердің толық жүктелмеуі теңіз тасымалының табыстылығына кері әсер етеді және жүк ағындарының балама бағыттарға ауысу қаупін туғызады. Сондықтан теңіз түбін тереңдету жұмыстары қажет, – деді порт өкілі.
ҒАЛЫМДАР НЕ ДЕП ЕДІ
Еске салайық, бұған дейін ғалымдар Каспийдің 37%-ы толық жойылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қаққан болатын.
ҚАНДАЙ ҚАУІП БАР?
Халықаралық зерттеу тіркеген негізгі деректер бойынша, жағымсыз сценарий іске асса, Каспий деңгейі 2100 жылға қарай 21 метрге дейін төмендеуі мүмкін. Су 5 метрге азайса, каспий итбалығының көбею аумағы 81%-ға қысқарады. Теңіздің қорғалатын аймақтарының 94%-ы маңызын жоғалтады, ал аймақ экономикасы жыл сайын 10 миллиард доллардан астам шығынға ұшырауы ықтимал.