Германия 2027 жылы соғысқа дайын болуы керек – британ сарапшысы

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Ұлыбританиялық әскери сарапшы Эд Арнольд НАТО мен Ресей арасындағы қақтығыс 2027 жылы-ақ басталуы мүмкін деп санайды. Ол Германияны шұғыл түрде қайта қаруланып, Еуропадағы одақтастарын да қару-жарақпен қамтамасыз етуге шақырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Бундесверді (Германия қарулы күштері) қайта жарақтандыру жоспарын ондаған жылдарға созуға болмайды. Германия 2027 жылы Ресеймен болуы ықтимал соғысқа дайын болуға тиіс. Мұндай пікірді Арнольд 20 сәуір, жексенбі күні немістің dpa агенттігіне берген сұхбатында білдірді. Ол – Ұлыбританиядағы корольдік қорғаныс зерттеулері институтының (RUSI) аға ғылыми қызметкері.

ГЕРМАНИЯ ЕУРОПАНЫ ҚАРУЛАНДЫРУЫ КЕРЕК

Оның пайымынша, алдағы екі жылда НАТО елдері Ресеймен әскери қақтығысқа тартылып кетуі ықтимал. Арнольдтың болжауынша, соғыс Сувалки дәлізінде басталуы мүмкін, дегенмен шиеленіс өзге аймақтарда да тұтануы ғажап емес.

Сондықтан ол Германияның қазіргі сәтте ауыр әскери техника қорын ұлғайтуды бірінші кезекке қоюы қажет дейді. Атап айтқанда, Leopard 2 A8 танкілері, TAURUS алыс қашықтықтағы қанатты зымырандары, Boxer бронды машиналары, IRIS-T зениттік зымырандары мен Gepard зениттік қондырғылары қажет. Арнольдтың айтуынша, Германия бұл техникалардың өндірісін айтарлықтай арттырып, әрі бундесверді, әрі еуропалық одақтастарын жабдықтай алуы керек.

Сонымен бірге сарапшы Берлинді АҚШ-тан алынатын F-35 жойғыш ұшақтары мен Patriot әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне қатысты шешімдерді қайта қарауға үндеді. Себебі АҚШ-тағы саяси жағдай өзгеріп жатыр.

ҚАРУЫ ЖАЙЛЫ

Аналитиктің айтуынша, Украинадағы соғыс ең алдыңғы қатардағы қару-жарақтың болуы әрдайым шешуші фактор еместігін дәлелдеді. «Украина көрсетіп отыр: ең үздік техникаға ие болу міндет емес. Жай ғана қарсылаңнан сәл мықтырақ болу жеткілікті», – деді Арнольд.

Мысал ретінде ол ұшқышсыз ұшу аппараттарын атады. «Соғыс жүргізу тәсілінің өзгеруіне байланысты дрондар қазіргі кезде тактикалық деңгейге дейін кең қолданыла бастады» дей келе, оларды «соғыс алаңында үнемі кездесетін құралға» айналды деп сипаттады.