Қытайдан қатаң ескерту: енді басқа елдер де зардап шегуі мүмкін

Ілияс Бақыт
Әлеуметтік желіден

Қытай Халық Республикасы (ҚХР) АҚШ-ты тариф саясатын асыра пайдаланды деп айыптап, басқа елдерді Қытай мүддесіне қайшы келетін ауқымды экономикалық келісімдерден сақ болуға шақырды. Бұл туралы 21 сәуір күні Қытайдың Сауда министрлігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ҚХР КЕЗ КЕЛГЕН ТАРАПҚА ҚАРСЫ ШАРА ҚОЛДАНБАҚ

Қытай тарапы өз мүддесіне қайшы кез келген мәміле жасаған елдерге қатысты "нақты және тепе-тең негізде" қарсы шаралар қолданатынын ескертті. Бұл мәлімдеме АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамп әкімшілігінің тарифтерді қысқарту мақсатында Қытаймен сауда қатынастарын шектеуге басқа елдерге қысым көрсетуі мүмкін деген ақпараттардан кейін жасалды.

АМЕРИКАНЫҢ "ЭКВИВАЛЕНТТІЛІК" ҰСТАНЫМЫ СЫНҒА ҰШЫРАДЫ

Сауда министрлігінің мәліметінше, АҚШ барлық сауда серіктестерімен қарым-қатынаста тарифтерді "эквиваленттілік" ұранымен бүркемелеп, өз шарттарын күштеп таңуда. Бұл саясаттың нәтижесінде, көптеген елдер АҚШ-пен "өзара тарифтер" жөнінде келіссөздер жүргізуге мәжбүр.

ҚЫТАЙ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАУЫМДАСТЫҚПЕН БІРЛЕСЕ ӘРЕКЕТ ЕТУГЕ ДАЙЫН

ҚХР өз құқықтары мен мүдделерін қорғауға толық дайын екенін және әлем елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өтті. Пекин АҚШ-тың экономикалық саясаты жаһандық бейбітшілік пен дамуға қауіп төндіретінін айтып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде бейресми отырыс өткізуді жоспарлап отыр.

АҚШ ҚЫТАЙҒА ТАРИФТЕРДІ 145 ПАЙЫЗҒА ДЕЙІН АРТТЫРДЫ

2 сәуірде АҚШ ондаған елге салынған жоғары кедендік баж салығын уақытша тоқтатты, алайда Қытай бұл тізімге енбеді. АҚШ Қытайға қарсы импорттық баж салығын 145 пайызға дейін көтерді, ал Қытай бұған жауап ретінде АҚШ тауарларына 125 пайыздық тариф енгізді. Дегенмен, Пекин алдағы уақытта бұл тарифтерді кеңейту жоспары жоқ екенін білдірді.

50-ДЕН АСТАМ ЕЛ АҚШ-ПЕН ТАРИФ МӘСЕЛЕСІН ТАЛҚЫЛАУҒА НИЕТТІ

АҚШ сауда өкілі Джеймисон Грирдің айтуынша, сәуір айында 50-ден астам ел АҚШ-тың тарифтік саясатына байланысты келіссөз жүргізуге өтініш білдірген.