21 сәуір күні таңертең Теңіз кен орнында жұмыс істейтін «Кәсіби таңдау» ЖШС қойма қызметкерлері жалақыларын 50%-ға көтеруді талап етіп, ұжымдық наразылық білдірді. Олардан кейін көлік департаментінің қызметкерлері де үн қосып, 100 пайыздық өсім сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТАЛАП
“Ақ Жайық” мәліметінше, «Кәсіби таңдау» — Caspian Offshore Construction Realty (COCR) компаниясының субмердігері, ал COCR — Теңізшевройлдың (ТШО) мердігері.
COCR — ТШО-ға Теңіз кен орнында көлік қызметін көрсететін компания. Ал «Кәсіби таңдау» ұлттық компанияларда жұмыс істейтін қызметкерлерден басқа персоналды ұсынатын кадрлық ұйым. Бұл компания 2021 жылы тіркелген, соңғы рет 2025 жылдың 15 сәуірінде қайта тіркеуден өткен.
БҰҒАН ДЕЙІНГІ ТАЛАП
17 сәуір күні ТШО көлік департаментінің қызметкерлері ТШО бас директоры Уильям Лакоби, COCR директоры Аджай Майк және «Кәсіби таңдау» ЖШС жетекшісі Айнұр Смитке жалақыны арттыруды сұрап, жазбаша өтініш жолдаған.
Қызметкерлер инфляция, күнкөріс минимумының және бағаның өсуі жағдайында қазіргі жалақының күнделікті қажеттіліктерді өтеуге жеткіліксіз екенін атап өтті. Сонымен қатар, еңбекақыны көтеру жұмыс өнімділігі мен жауапкершілікті арттырады деп мәлімдеген. Олар ресми жауапты үш жұмыс күні ішінде беруді талап еткен.
ҮНДЕУ
21 сәуір күні наразылық білдірушілер бейнеүндеу түсіріп, өз талаптарын ауызша да қайталады. Қойма мен жүк тиеу қызметкерлері адал әрі тұрақты еңбек ететіндерін айтып, жалақыны 50%-ға көтеруді сұрады. Олар өз пікірін білдіргені үшін қысым көрмеуін сұрады. Ұжымдық өтінішке 140-тан астам қызметкер қол қойған.
Қазіргі уақытта өндіріс процесі тоқтамаған, жұмыс жалғасуда.
- ТШО қойма қызметкерлері, яғни қоймашылар, жүк тиегіш мамандары, материал мамандары, ағаш шебері, обсервация бөлімі. Осы айтылған маман иелерінің 50 пайыз жалақысын көтеруді талап етеміз. Нарықтағы баға өсімі, күнкөріс және инфляцияға байланысты қазіргі жалақымыз өмір сүруімізді толық қамтамасыз ете алмай отыр. Сонымен қатар, біз өз жұмысымызға үлкен жауапкершілікпен қарап, кәсіпорынның дамуына, өнімділігі мен тұрақтылығына үлес қосып келе жатырмыз. Осыны ескеріп жалақымызды елу пайыз деңгейінде көтеруді қарастыруды талап етеміз. Бұл шешім қызметкерлердің ынтасын арттырып, еңбек өнімділігін күшейтетініне сенімдіміз, дейді қызметкерлер үндеуді.
АТЫРАУДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ
Айта кетейік, 8 қаңтар күні Атырауда COCR компаниясының бірнеше ондаған қызметкері ТШО-ның бас кеңсесіне барып, басшылықтың үстінен шағым түсірген. Олар шығынды қысқарту сылтауымен жұмыстан босатылғандарын жеткізген. ТШО өкілдері сол кезде жұмысшылардың шағымын тыңдаған болатын.
Қызметкерлер мынадай талап қойған:
COCR және «Кәсіби таңдау» басшылығының әрекеттерін еңбек заңнамасына қайшы қудалау деп тану;
Жұмыстан босату туралы бұйрықтарды жою;
Жұмысқа қайта орналастыру;
Міндетті демалыс кезеңіндегі еңбекақыны төлеу;
Моральдық зиянды өтеу.
ҚОҒАМДЫҚ БАҚЫЛАУ
“Ақ жайық” дереккөздерінің мәліметінше, келіссөздер жалғасуда. Жаңаөзен аудан әкімінің орынбасары Гүлнафиз Айшуақова, аудан прокуроры Еркебұлан Ермеков, еңбек инспекциясы басшысы Игілік Әубекеров оқиға орнына аттанған. Полиция тәртіпті бақылап отыр.
Қойылған талаптарға байланысты 21 сәуір күні жұмыс толық тоқтап, бос күн болды. Кәсіподақ өкілдері мұндай жағдайлар ереуілге немесе жаппай жұмыстан шығару қаупіне ұласуы мүмкін екенін жоққа шығармады.