Бүгін Түркияның Ыстамбұл қаласында бірнеше рет жер сілкінісі тіркелді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жергілікті БАҚ хабарлауынша, алдымен Силиври жағалауында магнитудасы 3,9 балл жер сілкінісі болған. Одан кейін 6,2 магнитудалы қуатты дүмпу сезілген. Жер сілкінісі шамамен 10 секундқа созылып, қала тұрғындарын алаңдатты. Әзірге адам шығыны немесе қираған ғимараттар туралы ақпарат жоқ.
СЕЙСМОЛОГТАР НЕ ДЕЙДІ
Еуропа-Жерорта теңізі сейсмология орталығының (EMSC) деректеріне сәйкес, магнитудасы 6,2 балл болған жер сілкінісі жергілікті уақытпен 12:49-да тіркелген. Эпицентрі Мрамор теңізінде, Силиври қаласынан 26 шақырым оңтүстікте орналасқан.
Кейінірек осы ауданда тағы екі дүмпу болды: 5,0 және 5,3 магнитудалы. Бұл жер сілкіністері де Стамбулдың бірнеше аймағында сезілген.
2023 ЖЫЛҒЫ ЖЕР СІЛКІНІСІ
Айта кетейік, 2023 жылғы 6 ақпанда Түркияның оңтүстік-шығысында екі жойқын жер сілкінісі болған еді. Біріншісі – 7,8 балл, эпицентрі Газиантептің Шехиткамиль ауданында, ал екіншісі – 7,5 балл, Кахраманмараштағы Экинезю ауданында тіркелген.
Бұл апаттардан кейін 6,7 магнитудасына дейін жеткен мыңдаған кейінгі дүмпулер тіркелді. Түркияда 50 мыңнан астам, ал Сирияда 8 мыңнан астам адам қаза тапты. Елде төтенше жағдай жарияланып, жеті күндік аза тұту енгізілген болатын.
Қазіргі Ыстамбұлдағы жағдай бақылауда, алайда бұрынғы апаттың салдары ел есінде сақталып, сейсмикалық қауіпсіздік мәселесіне назар күшейіп келеді.