«Қазақша «рақмет» деп айтасыз: Алматы базарындағы оқушы филиппин блогерін таңғалдырды

Сырым Қаржас
скриншот

Алматыдағы базарлардың бірінде сауда жасап жүрген оқушы ағылшын тіліндегі қарым-қабілетімен жұртты тәнті етті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Филиппин блогері Серджио TikTok желісінде әлемді аз шығынмен аралаудың жолдарын көрсетіп отырады. Бұл жолы ол Қазақстанға ат басын бұрған.

Алматыдағы «көк базарды» аралап жүріп, ол қазақы стильде безендірілген кәдесыйлар сататын сөрелерге барған. Сауда жасап отырған бала туристің сұрақтарына ағылшынша емін-еркін әрі сенімді жауап берген. Әңгіме барысында баланың жасы 14-те екені, мектеп оқушысы екені белгілі болды. Ол блогерге бірнеше магнит сатып, қатарынан қазақ тілінен бір сөз де үйретіп үлгерген.

Қазақша «рақмет» деп айтасыз, – деді бала.

Видеоролик 140 мың лайк пен 2,5 мыңнан астам пікір жинаған.

Айта кетейік, жуырда ағылшын тілінде еркін сөйлейтін зейнеткер де қазнет қолданушыларын сүйсіндірген болатын.