Украина басшысы Владимир Зеленский АҚШ президенті Дональд Трамппен қысқа кездесу өткізгенін хабарлады. Екі көшбасшы да Папа Францискті соңғы сапарға шығарып салу рәсіміне қатысу үшін Римге барған еді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Украина басшысы Трамппен көп мәселені, оның ішінде атысты тоқтату жайын талқылап үлгергенін айтты.
ДӘЙЕКСӨЗ
– Жақсы кездесу болды. Бір-бірімізбен бетпе-бет отырып, көп тақырыпты талқыладық. Барлық айтылған мәселелерден нәтиже шығатынына үміттенеміз. Халқымыздың өмірін қорғау, атысты толық әрі сөзсіз тоқтату, соғыстың қайталануына жол бермейтін сенімді және ұзақ мерзімді бейбітшілік орнату — басты мақсат. Бұл өте символикалық кездесу болды, егер ортақ нәтижеге қол жеткізсек, тарихи оқиғаға айналуы мүмкін. Рақмет, президент Дональд Трамп! – деп жазды Украина президенті өзінің Telegram-арнасында.
Еске салайық, мұның алдында Зеленский мен Трамп Римде бетпе-бет кездескенін жазған едік.
Ақ үйдің коммуникациялар жөніндегі директоры Стивен Ченгтің айтуынша, қосымша мәліметтер сәл кейінірек жарияланады. Мемлекет басшылары бір-біріне қарама-қарсы отырып, Әулие Петр базиликасында қысқа кездесу өткізген. Кейін оларға Макрон мен Стармер қосылды. Ал Зеленскийдің баспасөз хатшысы Сергей Никифоровтың айтуынша, кездесу шамамен 15 минутқа созылған.