«Ресей ай сайын 20 мың адамынан айырылып отыр»: Рубио Украинадағы соғыстың құны жайлы

Ulysmedia.kz коллажы

Ресей Украинаға қарсы соғыста ай сайын шамамен 20 мың сарбазынан айырылып отыр. Мұндай бағалауды АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Атлантада өткен G20 жиынының қорытынды баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнынан.

АҚШ-тың бас дипломатының айтуынша, соғыс екі тарап үшін де аса қанды әрі жойқын сипат алып отыр.

«Ресей тарапынан ай сайын 20 мың адамның қаза тапқанын көріп отырмыз», – деді Рубио.

Ол Украинадағы ахуалға да жеке тоқталды. Оның айтуынша, Киев күн сайын дерлік түнде энергетикалық инфрақұрылымға бағытталған жойқын шабуылдарға ұшырап келеді. Бейбіт тұрғындар арасындағы адам шығыны да артып отыр.

Мемлекеттік хатшы соғыстың ұзақ мерзімді зардаптарына да назар аударды. Оның сөзінше, әскери қимылдар тоқтаған күннің өзінде Украинаға экономикасы мен энергетикалық жүйесін қалпына келтіру үшін көп уақыт қажет болады.

НАТО елдеріне де қауіп төніп тұр

Рубио қақтығыстың одан әрі өршуі және Украина аумағынан тыс жерлерге таралуы мүмкін екенін ең алаңдатарлық жайттардың бірі деп атады.

Ол өзге мемлекеттердің де зардап шегуіне әкелетін диверсиялық әрекеттерді, сондай-ақ радиоэлектрондық күрес құралдарының әсерінен бағытынан жаңылған ұшқышсыз аппараттардың НАТО елдерінің әуе кеңістігіне кіріп кету жағдайларын мысалға келтірді.

Рубионың бағалауынша, соғыс белгілі бір мағынада тығырыққа тірелгенімен, халықаралық қауіпсіздікке әлі де елеулі қатер төндіріп отыр.

Бейбіт келісімге келудің нышаны байқалар емес

Журналистердің сұрақтарына жауап берген Рубио Ресей мен Украина арасында бейбіт келісімге қол жеткізу мүмкін бе, жоқ па, Вашингтонның өзі де білмейтінін мойындады.

«Қазір бейбіт келісімге қол жеткізуге аз қалды деп отырған ешкім жоқ деп ойлаймын», – деді ол.

Мемлекеттік хатшы АҚШ әкімшілігі дипломатиялық күш-жігерін жалғастырып, екі тараппен де байланыс орнатып отырғанын атап өтті. Ресей делегациясының G20 жиынына қатысуын да Рубио осындай диалогтың қажеттілігімен түсіндірді.

Оның айтуынша, Мәскеумен келіссөз жүргізу Вашингтонның Ресей әрекеттерін қолдайтынын білдірмейді.

Сондай-ақ мемлекеттік хатшы Ресейдің ядролық қару қоры мол екенін еске салды. Сондықтан екі ел арасындағы байланыс арналарын сақтап қалу, соның ішінде, қақтығыстың қауіпті деңгейге дейін ушығуына жол бермеу үшін де қажет.

Сонымен қатар Рубио осы жолғы G20 жиынында Украинадағы соғысты тоқтатуға арналған жеке келіссөздер болмағанын нақтылады.