Рубио G20 отырысын қорытындылады: әлемдік державалар ортақ шешімге келе алмады

Ulysmedia.kz

АҚШ-тың Атланта қаласында G20 елдері сыртқы істер министрлерінің кездесуі аяқталды. Екі күнге созылған келіссөздердің қорытындысын шығарған АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио әлемнің жетекші державалары жаһандық дағдарыстардың себептері мен оларды шешу жолдарына қатысты әлі де ортақ пікірге келе алмағанын мойындады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz тілшісі оқиға орнынан.

Қорытынды баспасөз мәслихатында Рубио халықаралық ынтымақтастық орнату үшін алдымен елдер ортақ проблемалардың бар екенін мойындауы керек екенін айтты.

«Мәселенің неде екенін өзара келісе алмасаңыздар, алға жылжу да мүмкін емес», – деп атап өтті АҚШ-тың бас дипломаты.

Оның айтуынша, соңғы бір жарым күнде кездесуге қатысушылар аса маңызды минералдар, жаһандық жеткізу тізбегінің тұрақтылығы, энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігі, сондай-ақ халықаралық кеме қатынасының еркіндігі мәселелерін талқылаған. Рубио бұл тақырыптардың барлығы дерлік мемлекеттердің мүддесіне тікелей қатысты екенін айтты. Алайда ортақ қауіп-қатерлерді мойындау олардың туындау себептері мен алдын алу жолдары жөнінде елдердің бір пікірге келгенін білдірмейді.

«Баршаға бірдей қолайлы шешімдерге жақындап қалдық деп айта алмаймын», – деді мемлекеттік хатшы.

Сондай-ақ ол Дональд Трамп әкімшілігінің G20 болашағына қатысты ұстанымын түсіндірді. Рубионың сөзінше, Вашингтон бұл бірлестікті бастапқы мақсатына, яғни жаһандық экономикалық мәселелерді талқылауға бағыттауды көздеп отыр.

Сонымен бірге геосаяси мәселелер де дипломатиялық байланыстар назарынан тыс қалмаған. Рубио кездесу аясында түрлі мемлекет өкілдері арасында, соның ішінде АҚШ делегациясының қатысуынсыз да екіжақты келіссөздер өткенін растады.

Мемлекеттік хатшы энергетика мен халықаралық сауда саласындағы шешімдер бірден нәтиже бермейтінін де еске салды. Оның айтуынша, энергия бағасы тауарлар мен қызметтердің барлығына дерлік әсер етеді. Сондықтан энергетикалық қауіпсіздік әлемдік экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі факторлардың бірі болып қала береді.

АҚШ-тың G20-ға төрағалығы аясындағы келесі маңызды шара желтоқсанда Майамиде өтетін мемлекет басшыларының саммиті болмақ. Онда жаһандық мәселелер жоғары деңгейде талқыланады.