Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі ел аумағында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың баспана алу тәртібін қайта қарастырды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
РБК агенттігінің хабарлауынша, жаңа заң жобасы босқын мәртебесін берудің төрт нұсқасын ұсынады:
Босқын мәртебесі
Уақытша баспана
Саяси баспана
Уақытша қорғау
УАҚЫТША БАСПАНА АЛУҒА ЖАҢА НЕГІЗДЕР ЕНГІЗІЛДІ
Босқын мәртебесін алу үшін бұрынғы талаптар сақталады — нәсілдік, діни, ұлттық немесе саяси себептер бойынша қудалау қаупінің дәлелді негізі болуы тиіс.
Алайда, уақытша баспана алу негіздеріне екі жаңа тармақ енгізілді:
Өз елінде дәстүрлі отбасылық құндылықтарды сақтау және балаларды отбасында тәрбиелеу мүмкіндігінің болмауы;
Русофобияға байланысты алаңдаушылықтың болуы.
ӨТІНІШ БЕРУ ЖОЛЫ ҚАНДАЙ?
Заң жобасына сәйкес, баспана алу туралы өтініш тек Ресей аумағында қабылданады. Электронды түрде өтініш беру мүмкіндігі қарастырылмаған. Босқындарға арналған уақытша қоныстану қорынан тұрғын үй берілмейді, алайда ІІМ орталықтарында тұру мүмкіндігі сақталады.
ЖАҢА ТӘРТІП НЕГЕ ҚАЖЕТ?
РБК жазуынша, құжатқа тіркелген түсіндірме жазбада 2014 және 2022 жылдардағы тәжірибе негізге алынғаны көрсетілген. Сол кезеңдерде Ресейге Украинадан соғыстан қашқан босқындар жаппай келіп, түрлі мәртебе алған.
2024 жылы Ресейге уақытша баспана сұрап 7000-нан астам адам өтініш берген (2023 жылмен салыстырғанда 17% аз). Олардың 5302-сіне уақытша баспана берілсе, тек 12 адамға босқын мәртебесі берілген. Өтініш берушілердің басым бөлігі — Украина азаматтары.