“Бәйтерек" холдингінің таза табысы жарияланды

Сырым Қаржас

Квазимемлекеттік компания Қазақстан үкіметіне қанша қаржы дивиденд ретінде төленетіні жөнінде есеп берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қаржылық есепке сәйкес, «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің 2024 жылғы таза кірісі 408,2 млрд теңгені құраған.

Оның ішінде 61,2 млрд теңге немесе 15%-ы мемлекетке дивиденд ретінде төленеді. Тағы 54,7 млрд теңге агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін көктемгі егіс және күзгі жинау жұмыстарына қаржыландыру мақсатында шығарылған облигациялар бойынша купондық сыйақыны өтеу үшін «Аграрлық несие корпорациясына» жіберіледі. Ал 29,4 млрд теңге отандық ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуды қаржыландыруға арналған облигациялар бойынша купондық сыйақыны өтеу үшін «ҚазАгроҚаржыға» бөлінеді.

Қалған 262,9 млрд теңге «Бәйтерек» холдингінің иелігінде қалды.

Еске сала кетейік, «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы — Қазақстанның Даму Банкі бірнеше рет бір ғана қарыз алушыларды жыл сайын қаржыландырып келе жатқаны үшін сынға ұшыраған. Сарапшылар холдингті капиталдандыруға республикалық бюджеттен қаржы бөлінетініне, ал жекелеген жобаларды қаржыландыруға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қаражат тартылатынына алаңдаушылық білдіріп келеді. Мәжіліс депутаттары «Бәйтеректі» табысының жартысын мемлекетке дивиденд ретінде беруге міндеттеуді ұсынған болатын, алайда вице-премьер Серік Жұманғарин квазимемлекеттік компанияны қорғап шықты.