2025 жылғы наурыз айында Қазақстан банктері халыққа көбірек несие берген, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, ақпанмен салыстырғанда берілген несиелер саны 1,3%-ға өскен. Бір ай ішінде жеке тұлғаларға берілген несиелердің жалпы сомасы 21,4 триллион теңгеге жетті. Негізгі өсім тұтынушылық несиелерде байқалады – олардың көлемі 1,9%-ға артып, 14,4 триллион теңге болды.
Агенттік несие қаражатының құны да өскенін атап өтті. Ұлттық валютадағы несиелер бойынша орташа сыйақы мөлшерлемесі 19,7% болды, бұл ақпанмен салыстырғанда 1,1 пайыздық тармаққа жоғары. Әсіресе тұтынушылық несиелер айтарлықтай қымбаттаған – олардың мөлшерлемесі 19,1%-дан 20,4%-ға дейін өсті.
Несие белсенділігінің артуына қарамастан, банктердің несие портфелінің сапасы тұрақты болып отыр. 1 сәуірдегі жағдай бойынша 90 күннен аса мерзімі кешіктірілген проблемалық несиелердің (NPL90+) үлесі жалпы портфельдің 3,4%-ын құрады, бұл алдыңғы аймен салыстырғанда небәрі 0,1 пайыздық тармаққа көп. Ақпанда бұл көрсеткіш 3,3% болған.
Халыққа берілген несиелер бойынша мерзімі кешіктірілген қарыз деңгейі 4,2%-ға жетіп, 894 миллиард теңгеге тең болды. Бизнес-сегменттегі кешіктірілген қарыздар көлемі 2,3% немесе 338 миллиард теңге болды. Бұл қарыздардың провизиялармен (қамтамасыз ету қорымен) жабылу деңгейі іс жүзінде өзгерген жоқ — жыл басындағы 67,0%-дан 67,1%-ға өскен.
Сонымен қатар 2025 жылдың бірінші тоқсанында банк секторы қаржылық нәтижелердің өсуін көрсетті. Үш айда қазақстандық банктердің жиынтық таза пайдасы 664 миллиард теңгеге жетіп, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 16,6%-ға артты.