Зеленский Ресейге көмектесетіндерге қарсы санкциялар әзірлеп жатыр

Сырым Қаржас
Алина Смутко / Reuters

Украина президенті Владимир Зеленский Ресейге көмектесіп жатқан "үшінші елдердегі субъектілерге" қарсы жаңа санкциялар пакетін енгізетінін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

Бұл туралы Украина басшысы өзінің Telegram-каналында хабарлады.

— Біз кейбір санкцияларды айналып өтуге, өкінішке қарай, көмектесіп жүрген үшінші елдердегі субъектілер мен схемаларға бағытталған санкциялар пакеттерін әзірлеп жатырмыз, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар, оның айтуынша, Украина қорғанысын нығайтуды жалғастырады.

Зеленский алдағы уақытта Украинаға арналған маңызды қорғаныс пакеттерін және соғыс кезінде де, соғыстан кейінгі кезеңде де негізгі елдермен ынтымақтастықты жалғастыру жөніндегі шешімдерді күтетінін айтты.

–Ресей толық тыныштық орнатып, кемінде 30 күнге атысты тоқтатуға келіссе, біз де атысты тоқтатуға мүмкіндігінше тез қадам жасауға дайынбыз — тіпті бүгіннен бастауға да болады. Бұл — келесі қадамдарға дайындалу үшін әділ мерзім. Ресей соғысты тоқтатып, шабуылдары мен атқылауын доғаруы керек, — деді ол.

Еске салайық, 27 сәуірде Украинадағы бірнеше өңір Ресейдің ұшқышсыз аппараттары мен авиациясының жаппай шабуылына ұшырады. Бұған дейін Владимир Зеленский Киевтің Қырымды күшпен қайтаруға жеткілікті қаруы жоқ екенін мәлімдеген еді.