Ресей Украинаның төрт облысын атқылады: қаза тапқандар бар

Сырым Қаржас
DW

2024 жылдың 4 мамырында Ресей әскері Украина аумағын атқылаған. Соның салдарынан бір адам қаза тауып, кемі 13 адам жарақат алды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Шабуылға ұшыраған облыстар — Днепропетровск, Херсон, Донецк және Харьков.

Днепропетровск облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Сергей Лысактың мәліметінше, түстен кейін Ресей әскері Синельников ауданына қарасты Новопавлов қауымдастығына басқарылатын әуе бомбасы (БӘБ) арқылы соққы жасаған. Аталған шабуыл салдарынан 54 жастағы ер адам көз жұмып, тағы үш адам жарақат алды.

Оқиға орнында екі өрт шықты: тұрғын үй мен шаруашылық құрылысы отқа оранған.

Бұған дейін таңертең Никополь ауданындағы Марганец қаласында Ресейдің ұшқышсыз ұшағы жасаған шабуылдан үш бейбіт тұрғын — 39 және 68 жастағы ер адамдар мен 75 жастағы әйел зардап шекті. Барлығы ауруханаға жеткізілген, жағдайлары орташа ауыр деп бағалануда.

Херсон қаласына ресейлік дрондар екі мәрте шабуыл жасаған. Херсон облыстық әскери әкімшілігінің хабарлауынша, 29 жастағы ер адам жарақат алып, контузия алған. Ал көлікте отырған 40 жастағы әйел жарқыншақ тиіп, омыртқасы мен аяқтарынан жараланған. Оның да жағдайы орташа ауыр деп бағаланады.

Донецк облысында бірнеше елді мекенге оқ жауған. Алдын ала мәлімет бойынша, Ресей шабуылдарының салдарынан алты бейбіт тұрғын жарақат алды.