Баку – Грозный бағыты бойынша ұшып келе жатып, Ақтау әуежайы маңында болған ұшақ апатына қатысты жайт бес ай бұрын болса да Ресей тарапы тергеу барысы жөнінде нақты ақпарат ұсынбаған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Әзербайжан тарапы осы уақыт ішінде тергеуге байланысты Ресейге ай сайын сұрау жіберіп келеді. Алайда ресейлік тарап тек түрлі сылтаулар айтып, істі созбалаңға салып отыр. Бұл туралы vesti.az басылымы дереккөзіне сілтеме жасап хабарлады.
– Осы бес ай ішінде Ресей ешқандай тергеу әрекетін жүргізген жоқ. Апатқа жауапты болуы мүмкін тұлғалардың ешқайсысы қамауға алынбаған, – деді дереккөз.
Сонымен қатар жақында Әзербайжанның құқық қорғау органдары бұл іске байланысты ресейлік әріптестеріне ресми хат жолдаған. Алайда әзірге ешқандай нәтиже жоқ.
- Әзербайжан тарапы Ресейден нақты әрекет күтуде, – деп жазды басылым.
АҚТАУ МАҢЫНДАҒЫ АПАТ
Былтыр 25 желтоқсан күні Ақтау қаласының маңында Azerbaijan Airlines әуекомпаниясының Бакуден Грозныйға бағыт алған жолаушылар ұшағы апатқа ұшырап, 38 адам қаза тапты.
Бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың 6-ауы Қазақстан, 42-сі Әзербайжан, 3-еуі Қырғызстан, 16-сы Ресей азаматы.29 адам жарақат алып, ауруханаға жатқызылды, олардың арасында екі бала бар. Апаттан аман қалғандар арасында қазақстандықтар жоқ.
Төтенше жағдайлар министрлігі Ақтау маңындағы ұшақ апаты кезінде қаза тапқан қазақстандықтардың тізімін жариялады.
Ұшақ апатына байланысты қылмыстық іс ашылып, қайғылы оқиғаның себеп-салдарын тексеру үшін Үкіметтік комиссия құрылды. 25 желтоқсанда апатқа ұшыраған әуе кемесінің қара жәшігі табылды. Ал 26 желтоқсанда Маңғыстау облысының көліктегі прокуроры Абылайбек Ордабаев ұшақ құлаған жерден тағы бір «қара жәшік» табылғанын айтты.
Ал биыл 4 ақпанда Ақтаудағы ұшақ апатының алдын ала есебі жарияланған болатын.