Мәскеудегі парадқа келетін әлемдік көшбасшылардың түпкілікті тізімі анықталды

Сырым Қаржас
фото: rt.com

Ресейге 29 елдің көшбасшысы келеді. Олардың үшеуі – Қытай, Венесуэла және Вьетнам басшылары – ресми сапармен барады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Жеңіс парадына қатысу үшін Мәскеуге 29 елдің көшбасшысы келеді. Олардың ішінде Венесуэла президенті Николас Мадуро, Қытай төрағасы Си Цзиньпин және Вьетнам коммунистік партиясы орталық комитетінің бас хатшысы То Лам ресми сапармен барады.

Владимир Путин 7-10 мамыр аралығында 15-тен астам екіжақты кездесу өткізеді. Бұл туралы журналистерге президенттің көмекшісі Юрий Ушаков брифингте мәлімдеді, деп жазады «Ведомости».

КӨШБАСШЫЛАР ТІЗІМІ

Ушаковтың айтуынша, Жеңіс парадына Ресей шақырған 29 елдің басшылары қатысады. Олардың қатарында Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Абхазия, Босния және Герцеговина, Бразилия, Буркина-Фасо, Венесуэла, Вьетнам, Гвинея-Бисау, Египет, Зимбабве, Қытай Халық Республикасы, Конго, Куба, Лаос, Моңғолия, Мьянма, Палестина, Сербия, Словакия, Экваторлық Гвинея, Эфиопия  бар. Бұдан бөлек, Үндістан, Никарагуа және Оңтүстік Африка Республикасы жоғары деңгейде өкілдік етеді.