Жайыққа батып кеткен 18 жастағы жігіт төрт күннен бері табылмай жатыр

Сымбат Сатыбалдина
Фото: тжд

3 мамыр күні Жайыққа батып кеткен 18 жастағы жігіт төрт күннен бері табылмай жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Төтенше жағдайлар департаментіне Жайық өзеніне ер адамның суға батып кеткені туралы қоңырау 3 мамыр күні сағат 17:25-те түскен. 

Шақырту түскен сәттен бастап, Атырау облысы ТЖД құтқарушылары оқиға орнына жедел жетті. 2007 жылы туған жігіт өзеннің арғы бетіне өту кезінде моторлы қайықтан құлап кеткен. Аталған орында құтқарушылар іздестіру жұмыстарына шұғыл кірісті.

ІЗДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ

Іздестіру жұмыстарына күшейтілген түрде күш пен құралдар жұмылдырылды. Атап айтқанда, күн сайын 12 құтқарушыдан кем емес, 4 бірлік жүзу құралы, 3 бірлік техника және ұшқышсыз ұшу аппараты (ҰҰА) жұмылдырылуда. Сонымен қатар, ПД қызметкерлері және кемесі тартылды.

Іздестіру жұмыстары су астына сүңгу, акваторияға көзбен шолу және өзен түбін тралдау арқылы жүргізілуде (бүгінгі күнге дейін шамамен 2 шақырым аумақта жұмыстар жүргізілді).

ІЗДЕУДІ ҚИЫНДАТЫП ОТЫРҒАН ЖАЙТТАР

Ағыстың қатты болуы, су астында көріну деңгейінің өте төмен болуы және су астындағы бөгде заттардың кездесуі іздестіру жұмыстары кезінде қиындық туғызған. Іздестіру жұмыстары жалғасуда.