Блогер Диас Камеридин қазақстандықтарға Жеңіс күні қарсаңында георгий лентасын не үшін тақпау керегін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
НАСИХАТТАУ
Блогер өз жазбасында қазіргі Ресейде гвардиялық лентаны "георгий лентасы" деп атайтынын, бұл атау тіпті заң деңгейінде бекітілгенін алға тартты. Оның айтуынша, "Кремль идеологтары" жыл сайын "георгий лентасы" атты жалпыұлттық акция өткізіп, оны Жеңістің символы ретінде белсенді түрде насихаттап жүр.
ТАРИХИ БҰРМАЛАУ
– Георгий лентасы ешқашан Жеңістің ресми символы болмаған. Иә, ол кейбір ордендердің құрамында кездескенімен, адамдар оны бөлек лента ретінде пайдаланбаған. Кеңес одағында да, кейінгі кезеңде де Жеңістің басты белгілері – қалампыр гүлі мен қызыл ту түстес лента еді. Ал жолақты лента тек 2005 жылдан бастап "Жеңіс символы" ретінде жасанды түрде енгізілді. Бұл – Кремльдің PR технологиясы. Осыдан кейін ғана бұл лентаны киімге, көлікке, сөмкеге жаппай тағып жүретін болды, – дейді автор.
СОҒЫС СИМВОЛЫНА АЙНАЛУЫ
– Ресейдің 2008 жылы Грузияға басып кіруі, 2014 жылы Қырымды аннексиялауы және 2022 жылғы Украинаға соғысы бұл лентаның беделін мүлде түсірді. Себебі ол сепаратистер мен басқыншылардың басты белгісіне айналды. Сондықтан бұл лентадан бас тарту – дұрыс шешім. Оны жағымсыз мағынамен жүктеген – біз емес, Ресейдің өзі, – дейді блогер.
Сондай-ақ Z және V әріптерінің Украинадағы соғыстың символына айналуы да осындай жағдай.
ҚАЗАҚСТАН
Мұндай нышандарды Қазақстанда тағу елдің тәуелсіздігі мен тұтастығына құрмет көрсетпеу ретінде қабылданады. Сол себепті ел ішінде георгий лентасының орнына көк түсті "Жеңіс лентасы" ұсынылды. Ол Қазақстан туының түсінде, 30 сантиметрлік жібек жолақтан жасалған, ұлттық оюмен безендірілген.