"Братан, мен құсам". Сарбаздардың әскерде түсірген видеосы Қазнетте талқыға түсті

Сымбат Сатыбалдина
Видео кадры

Әскерде түсірілген видео Қазнетте қызу талқыға түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ВИДЕО

Видеода сарбаздар өзге сарбаздардың аузына ботқаны (каша) салады. Сарбаздардың бірі аузына көп тамақ салынып кеткендіктен, “құсамын” дейды. 

- Осыдан кейін кім барады әскерге? Жаңа Қазақстандарың осы ма?, дейді видео авторы. 

ҚАЗНЕТ РЕАКЦИЯСЫ

Желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінген. Бірі бұл әскердегі өзінің дәстүрі екенін айтса, енді бірі сарбаздардың әрекетіне наразы болған. 

- Бәрін шетінен қамау керек. Құдайын ұмытқан адамдар ғой. Осы балаларды әке-шешесі қалай өсіріп, қалай оқытып, осындай болсын демеген шығар. Ата-анаға обал.

- Осыдан кейін қалай жібересің болашақ ұлдарды әскерге? 

- Бұны жедік те, жегіздік те, дәмі бөлек қой шіркін, қайта барып сұрайсың ғой, тағы қалды ма деп.

- Бұл дембел кашасы, калориясы көп, сникерс, көп заттар қосады. Ол қорқынышты емес. Соншалықты осындай видеоға сене бергенше, керісінше жақсы ойлау керек қой. Біз де жедік мұндай кашаны, кешке дейін тойып жүресің, дейді желі қолданушылары. 

ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІ НЕ ДЕЙДІ

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, видеода әскери қызметшілер арасында «дембель ботқасы» дәстүрінің өткізілу сәті көрсетілген. Бұл дәстүр бойынша, әскери қызметін аяқтауға жақын қалған сарбаздар жас әскери қызметшілерді тәтті ботқамен тамақтандырады.

- Бұл ботқа қоюлатылған сүтке печенье, шоколад батончиктері және әртүрлі тәттілер қосу арқылы дайындалады, – дейді министрлік өкілдері Ұлысмедиа тілшісіне берген жауабында.

Алдын ала болжам бойынша, бұл видео шамамен екі ай бұрын, кешкі уақытта түсірілген.

- Осы фактіге байланысты 61993 әскери бөлімінің командирінің орынбасары қызметтік тергеу жүргізді. Сонымен қатар, Алматы өңірлік гарнизонының әскери полиция қызметкерлерімен бірлесіп, әскери қызметшілермен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді, – дейді министрліктегілер.