Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путиннің тікелей келіссөздерді қайта бастау туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Зеленский Telegram-каналында ресейліктердің "соғысты аяқтау туралы ақыры ойланғанын" жазды. Сонымен қатар Украина ең алдымен атысты тоқтатуға қол жеткізуге тырысатынын мәлімдеді.
— Ресейліктердің ақыры соғысты тоқтату туралы ойланғаны — жақсы белгі. Бұл дүниежүзіндегі барлық адам күтіп жүрген нәрсе еді. Кез келген соғысты шын мәнінде аяқтаудың алғашқы қадамы — бұл атысты тоқтату.
Кісі өлтіруді бір күнге болса да жалғастырудың еш мәні жоқ. Біз Ресей ертең, 12 мамырдан бастап атысты толық, ұзақ мерзімді және сенімді түрде тоқтататынын растайды деп күтеміз. Украина кездесуге дайын, — деп жазды Зеленский.
Еске салайық, Ресей президенті Владимир Путин Украинамен тікелей келіссөздерді 2025 жылғы 15 мамырда Ыстамбұлда, ешқандай алдын ала шартсыз бастауға ұсыныс жасаған еді. Бұл мәлімдеме Ресей жариялаған үш күндік атысты тоқтату режимі аяқталған соң, 11 мамырға қараған түні айтылды. Киев бұл режим кезінде бұзушылықтар болғанын мәлімдеді.