АҚШ-тың әскери бюджеті алғаш рет 1 трлн доллардан асады

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

АҚШ президенті Дональд Трамп елдің қорғаныс шығындарын күрт арттырып, тарихта алғаш рет 1 триллион долларлық межеден асуды көздеп отыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Bloomberg-тің хабарлауынша, Ақ үй 2026 қаржы жылына (1 қазаннан басталады) арналған бюджет жобасына қорғаныс пен ұлттық қауіпсіздікке жұмсалатын шығын ретінде 1,01 триллион доллар қарастырған. Бұл — қазіргі көрсеткіштен 13% артық.

Аталған соманың 961 миллиард доллары тікелей Пентагонның бюджетіне бөлінеді — бұл да абсолюттік рекорд. Бұл көрсеткіш қазіргі жылдан 112,7 млрд долларға, ал Джо Байден әкімшілігінің бұрынғы жоспарынан 84,2 млрд долларға көп.

Bloomberg дереккөздері мұндай ауқымдағы және саяси амбициясы зор әскери бюджеттің ұлғаюын 1980-жылдардағы Рональд Рейганның «жұлдыздар соғысы» бастамасымен және Еуропада ядролық зымырандарды орналастыру бағдарламасымен салыстырады.

Трамп қосымша қаражат бөлуді көздеп отырған басты бағыттар мыналар:

  • Израильдің «Темір күмбезіне» ұқсас америкалық «Golden Dome» зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін құру;
  • Ядролық триаданы жаңғырту;
  • Жаңа әскери кемелердің құрылысын жеделдету;
  • Әскери қызметкерлердің жалақысын 3,8%-ға арттыру.