Түркияда "Астана LRT" ЖШС-нің бұрынғы басшысы Талғат Ардан ұсталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҰҚК МӘЛІМДЕМЕСІ
2019 жылғы қыркүйекте Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басшысы, Қазақстан азаматы Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген болатын.
Осыған байланысты Түркия Республикасының құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын жүргізген. Биыл ҰҚК оның нақты болған жерін анықтап, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары Анталья қаласында ұстады.
Биыл 9 мамырда Анталья қаласының соты Талғат Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады және ол қазіргі уақытта қамауда.
Қазақстанның құзыретті органдары аталған адамды Қазақстанға қайтару бойынша құқықтық рәсімдерді бастады.
СЫРТТАЙ СОТТАЛҒАН
Еске салайық, былтыр 11 қарашада Талғат Ардан лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша сырттай кінәлі деп танылған болатын. Ол бұған дейін өткен мамырда тағы бір рет сотталған. Оны сот шетелде қашып жүрсе де, сырттай 9 жылға бас бостандығынан айырған.
АТЫШУЛЫ LRT
Елордада жеңіл рельсті жобаны жүзеге асыру жобасы 2011 жылы басталғанымен, жаңа жолдың құрылысы әлі де аяқталған жоқ. Елордада қала әкімдері ауысты – олардың кейбіреулері жобаны қабылдамады, бірақ соған қарамастан, LRT-ға ақша бөлінді. Қоғамда оны “қазақ жемқорлығының ескерткіші” деп атап кетті.
Қарапайым қызметкерлер сотта отырып, жүздеген миллион долларды құрайтын сыбайлас жемқорлық схемасын ұйымдастыра алмағандарын түсіндіруге тырысады. Бұған дейін Astana LRT ісі бойынша айыпталғандар жобаның басқа кураторларын сотқа шақыруды талап еткен еді.