Ресей тарихшы Андрей Грозиннің Қазақстанға кіре алмауына қатысты жағдайға реакция білдірді. Ресей мемлекеттік думасы бұл әрекетті «қабылдауға болмайтын әрі достыққа жат қадам» деп атады. Алайда ресейлік депутаттар соңғы бірнеше жылда 70-ке жуық қазақстандық ғалымның Ресейге кіруіне тыйым салынғаны жайлы үнсіз қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ҒАЛЫМДАР
Ресейдің тыйым салынғандар тізімінде саясатпен еш байланысы жоқ, еліміздің түрлі университеттерінде жұмыс істейтін ондаған ғалым бар. Олардың бірі Азаттыққа берген сұхбатында Ресейге барған сапарында еш түсіндірместен елден шығарылғанын айтқан. Ол және әріптестері ғылыми зерттеулер үшін қажетті материалдар жинай алмай, кері қайтуға мәжбүр болған.
Азаттық Азия мәліметінше, Ресейге кіруге тыйым салынған қазақстандық ғалымдар саны – шамамен 70 адам.
ФСБ-МЕН ҮНСІЗ ДИАЛОГ
Тарихшы ғалымдардың бірі аты-жөнін атамауды өтініп, бірнеше жыл бұрын Ресейден қалай шығарылғанын айтып берді. Оны әуежайда ұстап, кейін кіруге тыйым салынғаны жайлы қағаз берген. Ғалым өз қаражатымен елге оралуға мәжбүр болған. Оның айтуынша, Ресейге ғылыми зерттеу мақсатында барған.
– «Неге мені кіргізбей жатырсыздар?» деп сұрадым. Олар ештеңе түсіндірмеді. ФСБ қызметкерлері: «Сіз өзіңіз де бәрін біліп отырсыз», – деп жауап берді, – дейді зерттеуші.
Тарихшының айтуынша, мұндай жағдайға оның көптеген әріптесі де тап болған.
– Олар Ресейге барады, Мәскеу немесе басқа қалаға жеткен соң: «Келесі рейспен қайтыңыз» деп кері қайтарады. Тыйым салынғандар тізімінде 70-ке жуық қазақстандық ғалым бар, – дейді ол.
Бірнеше институттың қызметкерлері Қазақстанның белгілі тарихшылары, филологтары мен өнертанушыларының Ресейге кіруі қалаусыз деп танылғанын растады. Қара тізімге тіпті Алашорда мен сталиндік репрессиялар туралы еңбектерімен танылған 77 жастағы академик Мәмбет Қойгелді де енген.