Іздеу және қос азаматтық: Асанов экс-кеңесшісі туралы сұраққа жауап бере алмады

Сырым Қаржас
Коллаж: Ұлысмедиа

Сенатор, бұрынғы бас прокурор және жоғарғы соттың экс-төрағасы Жақып Асанов өзінің бұрынғы көмекшісі Қарлығаш Тәткееваға қатысты қозғалған қылмыстық іске пікір білдіруден бас тартты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Тергеу дерегінше, Тәткееваға халықаралық іздеу жарияланған және ол Ресейдің азаматы.

– Мен бұл жағдайға пікір білдіре алмаймын. Ол хатшылық құрамында қарапайым қызмет атқарды. Хатшылықтағы әрбір осындай қызмет «кеңесші» деп аталады. Ол Астана қалалық сотының қызметтегі судьясы болған. Ал одан кейін не болғанын құқық қорғау органдарынан сұрау керек, – деді Асанов Ulysmedia.kz тілшісіне.

Сенатордың айтуынша, ол Тәткееваның шетел азаматы бола тұра мұндай лауазым иелене алғанына өзі де таң қалған.

– Өзім де білмеймін. Ол Жоғарғы сотта жұмыс істеген кезде судья болды, оған дейін шамамен 20 жыл бойы Қарағанды облысында және Астана қаласында судья қызметін атқарды, сондай-ақ Жамбыл облысының прокуратурасында жұмыс істеді. Менің білуімше, олар кейін Ресей азаматтығын алғанын айтты. Ал суреттерге қарасам, маған мүлде басқа адам сияқты көрінді. Тәткееваның және шетел азаматы деп отырған адамның фотоларын мұқият салыстырып қараңыздар, – деді ол.

КОНТЕКСТ

Еске салайық, Жоғарғы соттың бұрынғы төрағасының экс-кеңесшісі Қарлығаш Тәткееваға 2025 жылғы 20 маусымнан бастап халықаралық іздеу жарияланған. Ол алаяқтық жасады деген күдікке ілініп отыр және тергеу дерегінше, Ресей Федерациясының азаматы. Егер қос азаматтық расталса, Тәткеева Қазақстан азаматтығынан айырылуы мүмкін. Қазіргі уақытта іздестіруді Қарағанды облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жүргізіп жатыр.