Нью-Йоркте P. Diddy-дің соты басталды: атышулы рэпер 50 жылға сотталуы мүмкін

Сырым Қаржас
Ашық дереккөзден

Нью-Йоркте рэкет және адам саудасы ісі бойынша рэпер Шон "Дидди" Комбстың сот басталды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Сот отырысы барысында рэперге бес бап бойынша айып тағылды, оның ішінде рэкет, адам саудасы және жыныстық зорлық-зомбылық бар. Егер P. Diddy кінәлі деп танылса, ол 15 жылдан 50 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін, деп жазады Euronews.

Прокуратураның мәлімдеуінше, Комбс өзінің бизнес-империясын қылмыстық қызметке айналдырып, оны жыныстық қиялдарын қанағаттандыру мақсатында пайдаланған. Алқабилерді іріктеу мен айыптау және қорғау тараптарының кіріспе сөздерінен кейін сотта алғашқы куәгерлердің айғақтары тыңдалды.

Өзіне тағылған бес айыптың ешқайсысымен рэпер келіскен жоқ.

"Жабайы кештер" және айыптаулар

Прокурорлар Комбстың өз ортасында "жабайы кештер" және "жабайы патша түндері" деп аталатын оргиялар ұйымдастырғанын, оған әйелдерді есірткі мен алкоголь арқылы мәжбүрлеп қатыстырғанын мәлімдеді.

Бұған дейін рэпердің жеті баласының алтауы – ұлдары Куинси, Джастин және Кристиан, сондай-ақ қыздары Ченс пен егіздер Джесси мен Д'Лила сотта куәлік етуі мүмкін екені хабарланған.

Істің тарихы

2024 жылғы 16 қыркүйекте P. Diddy адам саудасы және рэкет бойынша айыпталып, қамауға алынған болатын. 17 қыркүйекте өткен алғашқы сот отырысында музыкант өзіне тағылған айыптардың ешқайсысын мойындамады.

NBC News мәліметінше, оған қатысты 1995-2021 жылдар аралығында орын алған зорлық-зомбылық оқиғаларына байланысты бес азаматтық шағым түсірілген. Осы шағымдардың бірі – сол кезде 19 жаста болған әйелдің айыптауы. Оның айтуынша, Комбс Манхэттендегі қонақүй нөмірінде оны зорлаған.

Басқа шағымдардағы оқиғалар Нью-Йорк пен Хэмптонста болған деп көрсетілген. Соның ішінде бір шағым рэпердің Хэмптонстағы сән-салтанатты резиденциясында, Еңбек күніне орай ұйымдастырылған "ақ кеште" орын алған зорлықты сипаттайды.

Әлеуметтік желілердегі дау

Даудың өршуіне әлеуметтік желілердегі талқылаулар түрткі болды. Онда рэпердің мансабының басында Джастинмен тығыз қарым-қатынас орнатқаны талқыланып, кейбір видеолар мен ортақ тректер P. Diddy-дің жас әншіге қысым көрсеткені немесе психологиялық зорлық-зомбылық жасағаны туралы пікірлер туғызды. Желі қолданушылары рэпердің тәлімгер ретінде Джастинге тым қамқорлық көрсетіп, күмәнді үстемдік танытқанын атап өтеді.