АҚШ Green Card-ты өзбектер мен қырғыздарға қарағанда, қазақтарға аз бере бастаған

Сымбат Сатыбалдина
Ашық дереккөзден

АҚШ-тың Кентуккидегі Консулдық орталығы 2025 жылға арналған DV (Diversity Visa) лотереясының нәтижесін жариялады. Бұл бағдарлама АҚШ-қа көшуге ниетті азаматтарға Green Card алуға мүмкіндік береді және ол АҚШ-тың иммиграция және азаматтық туралы заңы негізінде жүзеге асады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ КӨШ БАСЫНДА

Биылғы нәтижелерге сүйенсек, Өзбекстан жеңімпаздар саны бойынша бірінші орынға шықты — бұл елден 5 564 адам Green Card ұтып алған. Екінші орында Қырғызстан — 3 095 азамат, ал Қазақстаннан бар болғаны 2 004 адам ғана бұл мүмкіндікті жеңіп алды.

БАҒДАРЛАМА ШАРТТАРЫ

DV бағдарламасы жыл сайын АҚШ-қа көші-қон деңгейі төмен елдердің азаматтарына 55 мыңға дейін тұрақты тұру визасын ұсынады. Алайда лотереяға қатысушылар саны бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп: 2025 жылы 131 мыңға жуық адам іріктеуден өтті, енді олар иммиграциялық визаға құжат тапсыруға мүмкіндік алады.

Бағдарлама АҚШ-тағы иммиграциялық ағымды әртараптандыруға бағытталған. Осы мақсатта әртүрлі елдерге квота бөлініп, Орталық Азия елдерінің белсенділігі айқын байқалды. Жеңімпаздар 2025 жылдың 30 қыркүйегіне дейін АҚШ елшіліктерінде сұхбаттан өтіп, құжат рәсімдеуі тиіс.

КІМДЕР ҚАТЫСА АЛМАЙДЫ

Бағдарлама ережесіне сай, соңғы 5 жылда АҚШ-қа 50 мыңнан астам азаматы қоныс аударған елдердің азаматтары бұл лотереяға қатыса алмайды. Бұл шара бағдарлама мақсатына — иммигранттардың елдік құрамын теңестіруге бағытталған.