Путиннің Зеленскиймен кездесуге батылы жетпейді – ЕО

Сырым Қаржас
Фото: Алексей Никольский / ТАСС

Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас Ресейдің Украинамен шынайы бейбіт келіссөздер жүргізуге дайын екеніне күмән келтірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Еуроодақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Мәскеу Украинаның бейбіт бастамаларына қарамастан, бейбітшілікке ұмтылысты көрсетпей отырғанын мәлімдеді.

Бұл туралы ол 13 мамырда Копенгагендегі Демократия саммитінде айтты, деп хабарлайды DW.

Калластің пікірінше, Украина аумағына жалғасып жатқан соққылар Мәскеудің соғысты тоқтатуға ниеті жоғын көрсетеді.

Егер олар бейбітшілікті қаласа, мұны бірден тоқтатар еді, – деді ол Ыстамбұлдағы ықтимал келіссөздерге қатысты пікір білдіріп.

Сыртқы саясат басшысы Киевтің шартсыз бітімге келуге келісім бергеніне екі айдан астам уақыт өткенін, алайда Кремль тарапынан ешқандай конструктивті қадам болмағанын еске салды. «Ресей уақытты созып, оның өздеріне тиімді боларына сенеді, – деді Каллас.

Сондай-ақ, Каллас Владимир Зеленский мен Владимир Путиннің жеке кездесуі мүмкіндігіне қатысты да пікір білдірді.

Егер олар шынымен келіссөз үстеліне отырса, бұл жақсы қадам болар еді. Бірақ меніңше, Путиннің бұған батылы жетпейді, – деп атап өтті ол.

Бұған дейін Түркия екі елдің лидерлерінің тікелей диалогы үшін алаң ұсынуға дайын екенін мәлімдеген, бірақ Мәскеу бұл бастамаларға нақты қолдау көрсетпеген.