Депутат жасанды интеллектке байланысты ұлттық білім беру саясатын қалыптастыру керек деп есептейді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АЙМАҒАМБЕТОВ НЕ ДЕЙДІ
Депутат үкіметке жолдаған сауалында әуелі мысал келтірді: көз алдымызға мынаны елестетсек. Балалар рөлде, көлік жүргізіп келеді. Бірақ оларда жүргізуші куәлігі жоқ. Жол ережесін білмейді. Жол да жоқ, бағдаршам да жоқ. Тіпті ереже де жоқ. Мұндай жағдайда апаттың болатыныайдан анық.
Бүгінгі мектеп оқушыларының жағдайы да – дәл осындай. Олар ChatGPT, DeepSeek сияқты жасанды интеллект құралдарын белсенді қолданып жүр: үй тапсырмасын орындайды, шығарма жазады. Бірақ…Оларға бұл құралдарды қалай дұрыс, сауатты, ғылыми этикаға сай және тиімді қолдану керектігін ешкім үйреткен жоқ. Салдары: Көшіріп алу, Үстірт ойлау, Дайын жауаптарға тәуелділік. Біз көлікке тыйым салмаймыз. Керісінше, жүргізуді үйретеміз. Жол ережесін оқытамыз. Емтихан тапсырады. Бағдаршам мен белгілерді үйренеді, түсінеді, – дейді ол.
Мәжілісменнің сөзінше, жасанды интеллект бойынша да дәл осылай жасау керек. Дамыған елдер жасанды интеллектті оқытуды – мектеп бағдарламаларына кіргізіп жатыр. Қытай астанасы Пекин мектептерінде жасанды интеллект бойынша сабақтар жылына кемінде 8 сағат көлемінде оқытылады. Бұл пән міндетті болып есептеледі. Эстония – Еуропадағы үздік білім беру жүйесіне ие ел. 2024 жылдан бастап жоғары сынып оқушыларына ChatGPT қолдануға рұқсат беріледі, мұғалімдер арнайы курстардан өтеді. АҚШ-тағы Microsoft, Adobe, IBM, Uber сияқты алпауыт компаниялардың 250-ден астам басшысы ашық хатқа қол қойып, жасанды интеллектті мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынған.
БІЗДЕ ҚАЛАЙ
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллекттің дамуына баса назар аударып, өзі бақылап отыр.
Біз, ЖИ туралы арнайы заң жобасын дайындадық. Бірақ ChatGPT, DeepSeek сияқты жүйелердің шыққанына екі жылдан асты. Ал Қазақстан мектептерінде ЖИ-ге қатысты жүйелі оқыту, әдістеме, бағдарлама - мүлде жоқ. Ашығын айтсақ, балалар бұл технологияны баяғыда-ақ қолданып жүр - үй тапсырмаларын ChatGPT-мен орындап, мәтін жазып. Ең өкініштісі - біз оларға оны дұрыс, сауатты және адал түрде пайдалануды үйретпедік. Ал мұғалімдер болса – дайын емес. Нақты бағыт-бағдар жоқ. ЖИды пайдалану, бағалау саясаты қалыптаспаған, – дейді ол.
ҰСЫНЫС
Аймағамбетов ЖИ-ге қатысты ұлттық білім беру саясатын қалыптастырып, интеллектті білімге қалай, не үшін және қандай деңгейде енгізу керек — соны анықтайтын тұжырымдамалық құжат қажет деп есептейді. Одан бөлек ЖИ-ді білім мен ғылымда қолдану саясатын әзірлеп, мектеп бағдарламасына, университеттерге ЖИ енгізу бойынша жол картасын дайындап, оқу бағдарламаларына модульдарын енгізу, этика, сыни ойлау және ақпараттық гигиена сабақтарына көңіл бөлу керек деп есептейді. Мұғалімдерді арнайы даярлықтан өткізіп, жұмыстарды бағалауға қатысты регламент жасауға шақырады.