Белсенді Марғұлан Боранбай 1 желтоқсанда журналист Гүлнар Бажкенова мен оның «Орда» басылымының редакциясында тінту жұмыстарына қатысты өз пікірін білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Оның сөзінше, Бажкенова журналистика саласында танымалдылыққа ие болып, өзін «сыбайлас жемқорлықпен күрес» тақырыбына маманданған тұлға ретінде көрсеткенімен, оның қызметі қоғамда шынайы пікірталас туғызады.
Боранбай бұл жағдайдан кейін қоғамда билікке қарсы сын күшейіп, Бажкеноваға қатысты әрекеттерді сөз бостандығына жасалған қадам деп бағалайтын топтар пайда болатынын болжайды.
- Қазір мен биліктің әрекеттеріне қатысты ашу-ыза толқынын, сынның басталатынын алдын ала көріп тұрмын. Сөз бостандығына шабуыл жасалып жатыр деп айтатындар шығады. Тіпті Бажкенованы Мартин Лютер немесе Нельсон Манделламен салыстыратындар да табылса, мен таң қалмаймын, – дейді Белсенді.
БОРАНБАЙ VS БАЖКЕНОВА
Белсендінің айтуынша, олардың арасындағы текетірес 2017–2019 жылдары басталған. Сол кезеңде Бажкенова Қазақстандағы ұлтшылдық мәселесін белсенді көтеріп, ұлты қазақ медиасын «ұлтшылдықты қоздыруға бейім» деп сипаттаған. Боранбайдың сөзінше, ол аталған жылдары Бажкенованың жарияланымдарына жиі нысана болған.
- Бажкенова 2017, 2018, 2019 жылдары Қазақстандағы ұлтшылдықпен күрес туралы белсенді жазды. Ол «ұлтшылдар интернационалистерді көзінен айырады» деген сарындағы пікірлерді таратып, алаңдаушылық пен қорқыныш тудыратын материалдар жариялады. Менің үстімнен қылмыстық іс қозғалып, 2018 жылы менің қамауыма себеп болған ақпараттық қорды қалыптастырғандардың бірі де – осы Бажкенова, – дейді Боранбай өз мәлімдемесінде,
Ол сондай-ақ журналистің өз медиаресурстарын пайдаланып, Боранбайға қарсы сөз сөйлеген тұлғалардан сұхбат алып, сол пікірлерді күшейтетін материалдар жариялағанын айтады:
- Ол маған қарсы арыз жазған адамдардан сұхбат алып, соларды өз басылымында жариялады. Осылайша ақпараттық фон қалыптастырды. Мұның бәрі Қазақстанда «орысфобия өршіп жатыр» деген түсінікті нығайтуға бағытталды, – дейді белсенді.
«МЕНІ ФАШИСТКЕ ТЕҢЕДІ»
Боранбай Бажкенованы өзіне қатысты жала жабу мен теріс образ қалыптастыруға қатысы бар деп айыптайды.
- 2017–2019 жылдары ол мені қазақ фашистіне теңеді. Мен сияқты адамдарды фашист деп атау оның тұрақты риторикасының бір бөлігі еді. Ал таяудағы, бір ай бұрын жазған арызында да мені дәл осы тұрғыда сипаттады. Ол өз мәлімдемесінде Гитлерді, Холокостты, нацизмді еске алып, оларды бізге теліді, – дейді ол.
Боранбай өз әрекетін тек «редакциядағы қызметкерлер тізімін жариялау» деп түсіндіреді.
- Біз тек оның қызметкерлерінің тізімін жарияладық. Басқа ештеңе болған жоқ. Содан кейін бізді ұлтаралық араздық тудырды деп айыптады, – дейді Боранбай.
Боранбай Бажкенованың ақпараттық ықпалын күшейту «кездейсоқтық емес» деп есептейді.
- Мен оны бұрыннан «засланный казачок» деп атаймын. Ол Қазақстан медиакеңістігінде шетелдік насихатқа қызмет ететін narrativa таратады. Мен түрмеде отырған кезде ол «Orda.kz» деп аталатын желілік газет ашып, оны дамытып үлгерді. Оның артында ұйымдастырушылық және қаржылық ресурстар болғаны айқын, – дейді белсенді.
БАЖКЕНОВАНЫҢ ЖАЗБАСЫ
Боранбай Бажкенованың Telegram-арнасында жарияланған Мариуполь туралы жазбасын мысалға келтіреді.
- Ол Мариупольдегі оккупациялық билікті соншалық тиімді деп сипаттап, олар тұрғындарға жылу, су, жарық берді, олар енді не қалайды деп жазды. Тіпті «Қазақстанға ресейлік инженерлер десантын әкеліп, біздің ЖЭО-лерді соларға басқарту керек, өйткені қазақтар, тіпті «Болашақты» бітіргендер болса да, мұны істей алмайды» деп жазды. Ол қазақ бола тұра, нағыз шовинист, қазақофобқа айналды, – дейді белсенді.
ТІНТУ
Боранбай Бажкеноваға қатысты жүргізіліп жатқан тінтулерді қолдайтынын ашық мәлімдеді.
- Бүгінгі тінтулер — өте дұрыс шешім. Ақыры біз пропагандистерге қарсы әрекет жасау мүмкіндігіне ие болдық. Бұл бір күнде болған жоқ, материалдар ұзақ жиналды. Енді, ең болмағанда, біздің ақпараттық кеңістігімізге сырттан енетін күштерді тоқтату қажеттілігі түсінікті болды, – дейді ол.
Ол сонымен қатар, ақпараттық кеңістік сыртқы күштердің ықпалынан қорғалмаса, ел ішінде ешқандай тиімді саясат жүргізу мүмкін емес екенін атап өтті.
- Қоғам іштей бөлініп, хаос пен сенімсіздік белең алады. Бұл — мемлекетті әлсіретуге бағытталған нағыз диверсия, – дейді.
Белсенді тергеу барысы құпия болуы мүмкін екенін де айтады.
- Әрине, тергеуде ұлттық қауіпсіздікке қатысты сезімтал ақпараттар бар, олар ашық айтылмайды. Бажкенова, бәлкім, экономикалық немесе медиа саласына қатысты баптармен айыпталуы мүмкін. Ал негізгі мән-жайлар жабық күйде қалады. Бұл маңызды емес. Ең бастысы — мемлекетке қарсы бағытталған narrativa тоқтатылуы тиіс. Бұған қандай негіз қолданылатыны — екінші мәселе, – дейді Боранбай.
Марғұлан Боранбайдың айтуынша, Гүлнар Бажкенова Қазақстан ақпараттық алаңында сыртқы күштердің мүддесін көздейтін тұлғалардың бірі, ал оған қатысты басталған тінту — елдің ақпараттық қауіпсіздігін қорғаудағы заңды қадам.
МАРҒҰЛАН БОРАНБАЙ
Айта кетейік, 2022 жылдың наурыз айының ортасында Марғұлан Боранбай мен тағы бір белсенді Данат Намазбаев араздық тудырды және билікті басып алуға шақырды деген айыппен кінәлі деп танылған болатын. Олар сот шешімімен бес жылға бас бостандығынан айырылған еді.
Одан бөлек, Боранбай мен намазбаев ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қарсы айтқан агрессивті сөздеріне қарсы шыққан. Сонымен қатар, Ресеймен интеграциялық байланыстардың күшеюіне қарсылық білдірген. Екі белсенді де Ресей әскерінің Украинадағы әрекеттерін де сынға алған.
Марғұлан Боранбай биыл мамырда бостандыққа шықты. Ал Данат Намазбаев әлі жазасын өтеп жатыр.